Accessibility links

Ақтөбе облысында боранның салдарынан мыңдаған абонент  жарықсыз қалды


Ақтөбе облысында боран салдарынан мыңдаған абонент жарықсыз қалды. Облыс орталығы Ақтөбедегі «Кірпішті», «Геолог» ауданының тұрғындары өткен түні (8 ақпан) наразылық білдіріп, көшеге шыққан. Наразы тұрғындарды әкімдік пен полиция сабырға шақырған. Осыдан кейін ғана оларға электр қуаты берілген.

Үш күннен бері басылмай тұрған боран Ақтөбенің іргесіндегі бау-бақша ұжымдарының мәселесіне назар аудартты. Өйткені саяжайларға тартылған электр желілерінің қожайыны жоқ. Тұрғындар жарықтың ақысын саяжай ұжымының төрағасына төлейді. Трансформаторлар бұзылған жағдайда да өз қаржысына жөндетеді. Қаланың балансында болмағандықтан апат кезінде көмек те кешуілдейді.

- Екі тәулік жарықсыз отырып қиналып кеттік. Су тартатын насос пен газ қазандығы да электр қуатына тәуелді. Жарық өшкенде сусыз, жылусыз қалдық. Жалпы саны 50-60 адам көшеге шығып, наразылығымызды айттық. Әкімдіктен Ғалым Қобландин есімді азамат пен полиция келді. Сабырға шақырды. Жарық түнге қарай қосылды, - дейді «Геолог» саяжай ұжымының тұрғыны Хасан Мұхамеджанов.

Тап осындай наразылық жиынын өткен түні Кірпішті ауданының тұрғындары да өткізген. Наразы тұрғындардың сөзінше, саяжайдағылар электр қуатының әр киловаты үшін 22 теңгеден төлеп отыр. Қаладағы тариф бұдан тоғыз теңгеге арзан. Артық төлем желінің күтімі мен саяжайдағы трансформаторларды жөндеуге жұмсалады. Қатты жел тұрса жарықсыз қалатын тұрғындар саяжайдағы электр желісін қаланың балансына алуды талап етіп отыр.

Ақтөбе әкімдігі боранның салдарынан 56 елдімекеннің электр желісі үзілгенін хабарлады. Соның бірі- Алға ауданындағы Бестамақ ауылы. Ақтөбеден 27 шақырым жердегі Бестамақта жарық 7 ақпан күні өшкен.

- Жарық өшіп еді, су айдайтын насостар да істемей қалды. Тас қараңғыда ауыз сусыз қалдық. Жан-жақпен телефон байланысы да үзілді. Қаладағы туыстарға барайық десек жол жабық, әбден сабылып кеттік. Ұялы байланыс бүгін жұма күні қосылды. Жарық әлі де әлсін-әлсін сөніп қалып тұр, - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Айтжанова.

Әйтеке би ауданындағы Аралтөбе ауылына да жарық 9 ақпанға қараған түні берілген. Осы ауданның Аққұм, Байжанқұм ауылдарының жарықсыз отырғанына бүгін үшінші тәулік.

Энергетиктер облыстың Алға, Әйтеке би мен Хромтау ауданындағы электр желісі үзілген ауылдарға жету мүмкін емесін айтады. Өйткені боран әлі басылған жоқ, автокөлік жолдарын қалың қар жауып тастаған.

Энергетиктердің 9 ақпанда таратқан мәліметіне арағанда, Ақтөбе облысында 600 абонент жарықсыз отыр. Ал облыс әкімдігі таратқан ақпаратта жарықсыз отырған абонент саны анағұрлым көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG