Accessibility links

Бішкектің аудандық соты "Клооп Медиа" қоғамдық қорын жабу туралы шешім шығарды


Бішкектің Октябрь аудандық соты "Клооп Медиа" қоғамдық қорын жабу жөнінде шешім шығардыү Бұл ақпарат "Kloop-тың" Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

"Клооп Медиа" – Қырғызстандағы танымал тәуелсіз ақпарат агенттігі құрылтайшыларының бірі.

"Қор бұл шешімге қарсы Бішкек қалалық прокуратурасына арызданады" делінген қордың мәлімдемесінде.

Сот және прокуратура органдарынан әзірге комментарий болған жоқ.

9 ақпанда Бішкектің аудандық соты қала прокуратурасының Kloop порталын жабу туралы арызын қарады. Онда Қырғызстанның Республикалық психиатрия орталығының маманы іске байланысты қорытындысын айтты. Kloop адвокаттары сарапшы қорытындысы негізсіз әрі үстірт жазылған деп қарсылық білдірді.

Бішкек қалалық прокуратурасы Kloop-ты жабу өтінішімен сотқа шағымданғаны 2023 жылғы 28 тамызда белгілі болған.

Қала прокуроры Эмилбек Әбдіманаповтың сотқа жолдаған арызында Kloop порталы қазіргі биліктің саясатын өткір сынап, мемлекеттік, аймақтық мекемелер жұмысын қаралау үшін жағымсыз ақпарат таратады" деп жазылған.

Елдегі БАҚ өкілдері прокурордың бұл сөзін "сөз бостандығына қол сұғу" деп бағалаған. Бірнеше халықаралық ұйым Қырғызстан билігін еркін ақпарат құралының жұмысына шек қоймауға шақырған.

Kloop-тың орыс тіліндегі беті былтыр қыркүйектің ортасында, ал қырғызшасы қарашада бұғатталған.

Басылым прокуратураның мәлімдемесін "Қырғызстандағы сөз бостандығына бұрын-соңды болмаған қысым" деп атады.

Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ), Human Rights Watch (HRW) және Қырғызстанның медиа қауымдастығы билікті "Клооп Медиаға" қарсы шағымды қайтаруға үндеді. Бұған қоса, бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Еуроодақты Қырғызстандағы Kloop.kg сайтының қудалануына назар аударуға шақырды.

Қазақстанда тәуелсіз Kloop.kg сайты 2014 жылдан бері жабық. Редакция материалдарды өшіру туралы Қазақстан билігінің талаптарын орындаудан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG