Accessibility links

Украина барлау қызметі: Ресей әскері соғыста Starlink спутниктерін жиі қолдана бастады


Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы 11 ақпанда Украинадағы Ресей әскері Starlink спутниктік интернет-байланыс терминалдарын жиі қолдана бастағанын растады. Бұл жөнінде ақпарат БАҚ-та жуырда пайда болды.

Украина барлау басқармасы Ресей әскерінің радио арқылы таратылған, қағып алған хабарламасын жариялады. Аудиожазбада Ресей қарулы күштерінің N83 десанттық-штурмдық бригадасының мүшелері орыс әскері Starlink терминалдарын пайдаланып жатқанын айтады. Украина барлау басқармасының мәліметінше, бұл бригада Донецк облысындағы Клещеевка және Бахмут түбіндегі Андреевка аудандарында шоғырланған. Барлау басқармасының өкілі Андрей Юсов РБК-Украина басылымына берген сұхбатында Ресей әскерінің Starlink-ті пайдалану ауқымы барған сайын ұлғайып бара жатқанын және "жүйелі сипат ала бастағанын" жеткізеді. Барлау басқармасы себебін түсіндірген жоқ.

Жуырда украин дереккөздеріне сүйенген Defense One әскери порталы Ресей әскері соғыстың түрлі аумағында ондаған Starlink терминалдарын пайдаланып жатқанын хабарлаған. Starlink-ті пайдаланып жатқаны жөнінде мәліметті Ресей әскеріне көмектескен кейбір ресейлік еріктілер де айтқан.

"Коммерсантъ" басылымының жазуынша, Ресейде оннан астам интернет-дүкен жуырда Starlink жабдықтарын жаппай сата бастаған.

Starlink – SpaceX корпорациясының иесі, миллиардер Илон Маскқа тиесілі. Аталған байланыс жүйесі ресми түрде Ресей аумағында істемейді. SpaceX корпорациясы ресми түрде "Ресей үкіметі немесе Ресей әскерімен әріптестік орнатпаған".

"SpaceX ешқашан Starlink-ті Ресейге сатқан емес немесе жарнамалаған емес. Ресейге жабдықтарын жеткізген жоқ" деді жуырда корпорация өкілдері.

Дегенмен ақпарат құралдарының жазуынша, соғыс Украина аумағында жүріп жатқандықтан Ресей әскері осы елдің байланыс термналдарын пайдалануы әбден мүмкін. Defense One дереккөзінің мәліметінше, терминалдар үшінші елдер арқылы сатып алынып, Украинадағы Ресей әскерінің қолына түсуі мүмкін. Жағдайдан хабардар спутниктік байланыс нарығы қатысушыларының бірі журналистерге Starlink жабдықтары қазір БАӘ-дан Ресейге "тонналап ағылып жатқанын" айтты. Ал SpaceX Starlink-ті Араб Әмірліктеріне жеткізгенін терістейді.

Сарапшылар SpaceX-тің Ресей әскерінің терминалдарды пайдалануына тосқауыл қоюына мүмкіндігі бар, алайда соның салдарынан украин әскері де интернеттен ажырауы ықтимал деп санайды.

  • Starlink аннексияланған Қырымда істемейді, бірақ Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында істеп тұр. Бұл аумақтардың бір бөлігін Ресей басып алған. Былтыр күзде Илон Масктің биографиясы туралы кітап жарыққа шыққаннан кейін кәсіпкерді Қырымда Starlink-ті қосу туралы украин үкіметінің өтінішін орындамай отырғаны үшін сынаған. Украина жағы Қара теңіздегі Ресей флотына щабуылдау үшін Starlink-ті қолданғысы келген. Масктің түсіндіруінше, Starlink Қырымда қосылса, бұл АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясына қайшы болар еді. Ол Ақ үйден тікелей өтініш түссе ғана Starlink-ті түбекте қосуға дайын екенін мәлімдеген.
  • Starlink спутниктік байланыс жүйесін украин әскері Ресей басқыншылығы басталғалы бері түрлі мақсаттарға (өзара байланысу үшін де қолданады) пайдаланып келеді. Илон Масктің компаниясының Жер орбитасында 4 мыңнан астам спутнигі бар. Байланыс желісі Украинаны арнайы келісімшарт және жеке донорлардың көмегімен байланыспен қамтамасыз етіп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG