Accessibility links

"Сандырақ". Ақ үй НАТО мен өзге де елдерге көмек туралы Трамп мәлімдемесіне реакция білдірді


USA-ELECTION/TRUMP
USA-ELECTION/TRUMP

Биыл күзде өтетін президент сайлауына Республика партиясының атынан түсу мүмкіндігі зор АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп НАТО жарғысына "нұқсан келтіріп, өз бюджетінен қорғанысқа жеткілікті ақша бөлмейтін" елдерді АҚШ қорғамайтынын бұған дейін одақтас елдерге ескерткенін мәлімдеді. Ол тіпті мұндай елдерге Ресейдің "ойына келгенін істеуіне" де қарсы болмайтынын айтты.

Трамп 10 ақпанда Оңтүстік Каролина штатындағы үлкен митингіде сөз сөйлеген. Ол штатта екі аптадан кейін Республика партиясының праймеризі өтеді. Бүгінге дейінгі сауалнамаларға қарағанда Трамп жалғыз бәсекелесі Никки Хейлиден айтарлықтай алда тұр.

Трамптың сайлаушылар алдында бұлай сөйлегені бірінші рет емес. Бірақ сарапшылардың сөзінше, бұл жолы Украинаға берілетін әскери көмекті талқылау кезінде айтылып отыр.

Бұрынғы президенттің сөзінше, бірнеше жыл бұрын НАТО құрамындағы әлдебір "үлкен елдің" президенті қорғанысына Трамп талап еткеннен аз ақша бөлген өз еліне Ресей шабуыл жасай қалса АҚШ қорғай ма деген сауал қойған.

"Жоқ, мен сіздерді қорғамас едім. Керек болса ондай елге Ресей не істесе де қарсы емеспін. Төлеуге тиіссің" дейді Трамп.

Бұрынғы президенттің сөзін Ақ үй "сандырақ" деп бағалап, мұндай мәлімдемелер АҚШ-тың ұлтттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеді. Джо Байден әкімшілігінің өкілі Эндрю Бейтстің айтуынша, Трамптың сөзі — АҚШ-тың жақын одақтастарының жеріне "қандықол режимнің басып кіруін" құптау болып саналады.

Трамп 2017 жылдан 2021 жылға дейін АҚШ президенті болған. Ол президент кезінде АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастарын жалпы ішкі өнімінің кем дегенде екі пайызын қорғанысқа бөлуге әлденеше рет шақырып, олардың қауіпсіздігі үшін АҚШ төлеуге тиіс емес деп мәлімдеген. НАТО-ның көп елі расында кейінгі жылдары қорғаныс шығыстарын көбейткен, бірақ ол Трамптың сөзіне ғана емес, Ресейдің агрессияшыл саясатына да байланысты болып отыр. Әйтсе де НАТО елдерінің көпшілігі қорғанысқа әлі күнге жалпы ішкі өнімінің екі пайызына жетпейтін қаржы бөліп келеді.

Кейінгі жылдары Еуропа одағы елдері Ресей Украинадан кейін НАТО елдерінің біріне шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенетінін көбірек сөз етіп жүр. Ресей президенті Владимир Путин ондай жоспары жоқ екенін жиі қайталайды.

Кейбір БАҚ-тардың жазуынша, Трамп АҚШ президенті сайлауында жеңетін болса, НАТО-дағы одақтастары "алдағы болашағымыз қалай болады" деген мәселені әлден-ақ кеңесе бастаған.

Трамптың мәлімдемесі Украинаға көмек мәселесін талқылау кезінде айтылып отыр. Ақ үйдің Украинаға 61 миллиард доллар бөлу туралы ұсынысын әзірге Конгресс мақұлдаған жоқ. Мұндай заң жобасы қазір сенатта қаралып жатыр, алайда өкілдер палатасы бұл заңды құптай ма, жоқ па белгісіз. Дегенмен екі партия өкілдерінің көпшілігі Украинаға көмекті жалғастыруды қалайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG