Accessibility links

Финляндияның жаңа президенті соғыс аяқталғанша Мәскеумен саяси қатынас жасамауға уәде берді


Финляндияның жаңа президенті Александр Стубб
Финляндияның жаңа президенті Александр Стубб

Финляндияның жаңадан сайланған президенті Александр Стубб Украинадағы соғыс аяқталғанша Хельсинки Мәскеумен арада саяси қатынас жүргізбейтінін мәлімдеді. Жаңа президент дүйсенбі, 12 ақпанда баспасөз конференциясын өткізген.

"Ресей жөніндегі саясатымыз қарапайым, – деген Стуббтың сөзін Yle телерадиокомпаниясы жариялады. – Дипломатиялық және ресми қатынас қала береді, бірақ Ресей соғысты аяқтағанша саяси деңгейдегі қатынас болмайды". Оның сөзінше, Финляндияның Украинаны қолдау саясаты өзгермейді.

Стуббтың сөзінше, Финляндияның сыртқы саясаты мен қауіпсіздік саясаты мұнан былай НАТО мен Еуропа одағының бағытына байланысты айқындалады.

  • Финляндия 80 жылдық бейтараптылықтан соң 2023 жылы НАТО-ға қосылған. Хельсинки мұны Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты қауіпсіздікті күшейту үшін жасағанын мәлімдеген. Финляндия мен Ресей шекарасы 1300 шақырымнан асады, осылайша Ресей мен НАТО шекарасы екі есе ұзарды.
  • Финляндиядағы президент сайлауының екінші туры 11 ақпанда өтті. Стубб 51,6 пайыз дауыспен жеңді. Ол түрлі кезеңдерде Финляндияның премьер-министрі, сыртқы істер министрі, қаржы министрі болған және Еуропа одағы бойынша және сыртқы сауда жөніндегі министрлікті де басқарған.
  • "Кремль Стуббты жеңісімен құттықтаған жоқ" дейді Yle. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Финляндияның жаңа президенті "достыққа жатпайтын мәлімдеме жасады" деді. Оның үстіне Мәскеудің өзі де Финляндияны "дос емес елдер" санатына қосып қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG