Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) "Kloop Media" басылымын жабу туралы сот шешімін айыптап, Қырғызстан билігін басылымның жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырды. Бұл туралы ұйымның сайтында жарияланды.
"Жемқорлықты зерттеп жүрген Temorov Live басылымының журналистері өткен айда жаппай қамалғаннан кейін Орталық Азиядағы танымал Kloop медианың жабылуы — Қырғызстан билігінің зерттеу журналистикасы орталығын жоюды көздеп жатқанын білдіреді. Қырғыз билігі Kloop медиаға және басқа еркін ақпарат құралдарына жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беріп, сөз бостандығына қарсы қысымды тоқтатуы керек", - деп мәлімдеген ұйымның Еуропа және Орталық Азиядағы үйлестірушісі Гүлноза Саид.
9 ақпанда Бішкектің Октябрь аудандық соты тәуелсіз Kloop басылымының заңды тұлғасы – Kloop Media қоғамдық қорын жою туралы шешім қабылдаған. Kloop медианың бас редакторы Анна Капушенко басылым апелляция арызын қарағанша, ісін жалғастыра беретінін жеткізді.
Kloop басылымының сайты 2023 жылы қыркүйекте Қырғызстанда жабылды. Сайтты жабуды мәдениет, спорт және жастар саясаты министрлігі талап еткен. Оған Kloop сайтында жарияланған оппозициялық саяси белсенділердің тергеу изоляторында азапталуы жөнінде материал түрткі болған.
Қырғызстанда халық арасында "фейктер туралы заң" деген атпен танылған "Жалған ақпарат туралы" заң бар. Құжат мемлекеттік органдардың ресми пікірімен келісілмеген ақпаратты "жалған" деп тануға және оны таратқан жеке тұлғалар мен ақпарат құралдарын сот арқылы қудалауға мүмкіндік береді.
- Kloop басылымы 2007 жылы негізі қаланған. Бұл Қырғызстанның мемлекеттік органдарындағы жемқорлық фактілерін зерттейтін тәуелсіз ресурс.
- 2023 жылы Қырғызстан Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі рейтингісінде бірден 50 орынға кері сырғып, 122 орынды алды.
- Құқық қорғаушылар елде ақпарат құралдарына қысым үдегенін айтады: кейінгі кезде журналистерді елден шығару, тәуелсіз басылымдардың сайттарын бұғаттау (Азаттық сайты да), журналистер мен блогерлерді тергеуге шақыру жиілеген.
- Қырғыз президенті Садыр Жапаров елде сөз еркіндігі бар екенін қайталап келеді.