Accessibility links

Reuters: Мәскеу АҚШ-пен Украинадағы соғысты уақытша тоқтату бойынша келіссөз жүргізуге талпынды


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

АҚШ Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғысты уақытша тоқтату туралы ұсынысын талқылаудан бас тартты. Бұл туралы Reuters осы мәселемен таныс ресейлік үш дереккөзге сүйене отырып хабарлады.

Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, Кремль Ресей басып алған украин жерлерінен кетпей, соғысты қазіргі майдан шебінде тоқтатуды көздейді. Ақпаратқа қарағанда, 2023 жылы Путин Мәскеудің Таяу Шығыстағы араб әріптестері арқылы Вашингтонға Украинадағы соғысты доғару шарттарын қарағысы келетінін меңзеген.

"Америкалықтармен байланыс нәтиже бермеді" деді жағдайдан хабары бар ресейлік бір шенеунік Reuters агенттігіне.

Тағы бір ресейлік дереккөздің айтуынша, АҚШ ортадағы адамдары арқылы Мәскеуге соғысты доғаруды Украинаның қатысуынсыз талқыламайтынын жеткізген, сол себепті келіссөз нәтижесіз аяқталған.

Агенттіктің АҚШ-тағы дереккөзінің мәлімдеуінше, Мәскеу мен Вашингтон осы мәселеге қатысты ресми байланыс орнатпаған, оның үстіне АҚШ Украинаның мүддесін Киевтің қатысуынсыз Ресеймен талқыламайды.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Reuters ақпаратын жоққа шығарып, "бұл шындыққа жанаспайды" деді.

Мұндай келіссөздер жүргені бұрын хабарланбаған, деп жазды Reuters. Кремль, Ақ үй, АҚШ мемлекеттік департаменті, АҚШ орталық барлау басқармасы осы мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

Қаңтардың соңында Кремльге жақын екі дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі Путин АҚШ-қа Украинамен бейбітшілік бойынша келіссөздерге дайын екеніне емеурін білдіргенін жазған. Ол Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын және тіпті Киев бейтараптықтан бас тартса да келіседі. Алайда Ресей басып алған Украина аумағын қайтармайды, деп жазды басылым.

Путиннің "емеуріні" жөнінде бұған дейін The New York Time та жазған, алайда ол кезде мәселе бейбітшілік емес, "соғыста үзіліс жариялау" жөнінде болған. Бірақ екі мақалада да Путин Ресей басып алған украин жерлерін қайтармайтыны айтылған.

Жуырда америкалық Такер Карлсонға берген сұхбатында Путин Украинадағы соғыс тоқтауы үшін "АҚШ Украинаға қару-жарақ тасымалдауын тоқтатуы керек, сол кезде келісуге болады" деген еді.

Ал Украина Ресей әскері елден толық кеткенін қалайды. Бұған қоса, Украина Путинмен тікелей келіссөз жүргізуге ресми түрде тыйым салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG