Accessibility links

Украина әскері: Авдеевкада жағдай өте күрделі


Ресей әскері басып алуға ұмтылып жатқан Украина шығысындағы Авдеевка қаласында жағдай "өте күрделі". Украина қарулы күштерінің 3-жеке штурмдық бригадасы әлеуметтік желіде осындай хабарлама қалдырды.

Ресейлік әскери блогерлер мен бірқатар украин дереккөздері кейінгі күндері Ресей әскері қаланың солтүстік және оңтүстік бөлігінде алға жылжып жатқанын, украин күштеріне қатер төнгенін хабарлаған. Донецк облысындағы қала үшін шайқас басқыншылық басталғалы бері жүріп жатыр. Қазіргі штурм былтырғы күзде басталған.

3-жеке штурмдық бригадасы "өте күрделі жағдайға байланысты" өздерін қалаға жібергенін растады. Бригада сарбаздары "Авдеевкадағы жау басып алған аудандарда рейд жүргізіп" кемінде екі ресейлік бригадаға соққы жасаған. Алайда Ресей қалаға көп әскерін жіберіп жатқандықтан жағдай "күрделі күйде" қалып отыр, дейді олар.

Украина қарулы күштерінің бас штабы өткен тәулікте Авдеевка аудандарына Ресей күштері 34 шабуыл жасағанын хабарлады. Ресей әскері "Авдеевканы қоршауға мүмкіндік бермей жатыр", украин әскері "қорғанысты сақтап, оларға едәуір шығын келтіріп жатыр" деп жазылған хабарламада.

Соғыс жағдайында тараптардың хабарламаларын тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Украин және ресейлік әскери блогерлердің жазуынша, Ресей әскері кейінгі күндері украин күштерінің қорғаныс шебін бұзып, қаланы қақ ортасынан кесіп өтуге күш салып отыр. Қаланың солтүстігінде олар украин гарнизонын қамтамасыз ететін негізгі трассаға шыққан. Украина әскерінде әзірге оған балама жол бар. Авдеевканың оңтүстігінде "Зенит" ауданы жартылай қоршауда қалған. Американың Соғысты зерттеу институтының (ISW) бағалауынша, Ресей әскері қаланың 15 пайызын бақылауда ұстап отыр.

Үшінші жеке штурмдық бригадасы – жартылай Мариупольде шайқасқан "Азов" полкі негізінде жасақталған, Украина әскеріндегі ең екпінді саналатын әскери жасақтардың бірі. Былтыр ол Бахмуттың оңтүстігінде шабуыл кезінде Ресей әскерін тықсырып, жеңістерге жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG