Accessibility links

WSJ: Лола Кәрімова-Тилляева Беверли-Хиллздегі үйін 36 млн долларға сатты


Лола Кәрімова-Тилляева мен Тимур Тилляев
Лола Кәрімова-Тилляева мен Тимур Тилляев

Беверли-Хиллздегі (АҚШ, Калифорния) жылжымайтын мүліктер тізіміндегі мәлімет бойынша, аумағы шамамен 4450 шаршы фут болатын Le Palais сарайы 36 миллион долларға сатылған.

Зәулім үйді Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Кәрімовтің қызы Лола Кәрімова-Тилляева мен оның күйеуі Тимур Тилляевке қатысы бар компания сатқан. Ақпаратқа қарағанда, компания бұл үйді 2013 жылы 32,75 миллион долларға сатып алған. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды.

Le Palais сарайын кім сатып алғаны хабарланбады.

Үйді 2011 жылы Мохаммед Хадид салған. Хадидтер отбасы Лос-Анжелесте көптеген зәулім сарай тұрғызған. Үй Beverly Hills қонақ үйіне қарама-қарсы орналасқан.

WSJ мәліметінше, Тилляевтердің Швейцарияда 47 миллион швейцар франкы тұратын зәулім үйі бар.

Лола Кәрімова-Тилляева әкесі ел басқарып тұрған уақытта әлем елдерінің қалаларындағы ең қымбат аудандардан ондаған миллион долларға жылжымайтын мүлік сатып алған уақытта Батыс баспасөзінің назарына іліккен.

Оның күйеуі Тимур Тилляев Өзбекстандағы ірі Әбу-Сахий базарына ие.

2017 жылы жарияланған зерттеулерге қарағанда, Әбу Сахий компаниясы Біріккен Араб әмірліктері мен Швейцариядағы банк есептеріне офшорлар арқылы 127 миллион доллар аударған.

2020 жылғы тамызда АҚШ баспасөзі Лола Кәрімова-Тилляева Голливуд шатқалдарында орналасқан үш вилласын сатқан. АҚШ-тың ең қымбат ауданындағы бұл үйлер 2014 жылы офшордағы компания арқылы 16,1 млн долларға сатып алынған, бірақ жылжымайтын мүліктер бағасы 2020 жылы 18,9 млн долларға бағаланған.

Баспасөз мәліметінше, Тилляевтер бұл үйлердің ешқайсында тұрмаған.

44 жастағы Лола Кәрімова-Тилляева Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтің екінші қызы.

2014 жылы бұрынғы президенттің үлкен қызы Гүлнара Кәрімова бірнеше ауыр айыппен ұзақ мерзімге сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG