Accessibility links

Навальныйдың қазасына Орталық Азиядағы реакция және Ресейдің аймаққа қарсы "өктем риторикасы"


Навальныйды еске алу шарасы. Германия, 16 ақпан 2024 жыл.
Навальныйды еске алу шарасы. Германия, 16 ақпан 2024 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың қазасына Орталық Азия халқы қандай реакция танытқанын жазды. Сонымен қатар Украинаға басып кіргелі Мәскеудің аймаққа қарсы агрессивті риторикасы күшейгенін талдады. Бұдан бөлек Маңғыстау облысындағы ұңғымадан былтыр бірнеше ай бойы ауаға 127 мың тонна метан жайылғанына тоқталды.

НАВАЛЬНЫЙДЫҢ ҚАЗАСЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Eurasianet басылымы Ресейдің оппозициялық саясаткері Алексей Навальныйдың қазасына Орталық Азия жұрты қандай реакция танытқанын талдады.

«Алексей Навальный аймақ тұрғындары жайлы әбес мәлімдемелер айтқаны үшін Орталық Азияда әрқашан сый-құрметке лайық болды деуге келмейді. Дегенмен оның қазасы жұртты есеңгіретіп, үйрейлендірді, бірақ немқұрайлы қалғандар да бар», деп жазады Алматыда тұратын журналист Алмаз Куменов және Бішкекте тұратын тілші Айзерек Иманалиева.

Аймақтағы көптеген жекеменшік басылым оның 16 ақпан күні Сібірдің солтүстігі Харп қаласындағы түрмеде көз жұмғанын хабарлады. Алайда аймақтағы мемлекеттік басылымдар бұл тақырыпты негізінен айналып өтті. Тек Қырғызстанның «Кабар» ақпарат агенттігі Ресейдің ТАСС ақпараттық агенттігінің жаңалығын көшіріп басты.

2022 жылы мобилизациядан қашқан мыңдаған ресейлік тұратын Алматы қаласында Навальныйды аза тұтқандар Ресей консулдығының алдына гүл шоқтарын қойды. Ташкенттегі Ресей елшілігінің алдына да гүл қойғандар болды.

Навальныйдың қазасы жөнінде ақпарат тарағаннан кейін Астанадағы Ашаршылық құрбандарына арналған мемориалға қойылған гүл шоқтары. 16 ақпан 2024. Журналист Евгения Балтатарованың телеграм-арнасынан алынған
Навальныйдың қазасы жөнінде ақпарат тарағаннан кейін Астанадағы Ашаршылық құрбандарына арналған мемориалға қойылған гүл шоқтары. 16 ақпан 2024. Журналист Евгения Балтатарованың телеграм-арнасынан алынған

Авторлар аймақ халқының Навальный жайлы пікіріне оппозициялық саясаткердің кезінде ксенофобтық риторикаға жақын мәлімдемелері әсер еткенін келтіреді. Бұл туралы Санкт-Петербургтегі Еуропа университетінің профессоры Сергей Абашин 2021 жылы Global Voices басылымына берген сұхбатында айтқан.

«Он жыл бұрын Навальный жыл сайын өтетін ксенофобтық бағыттағы «Орыс марштарына» қатысқан. 2013 жылы Мәскеу мэрі сайлауына түскен кезде ол миграциямен күресуге шақырып, Орталық Азия мен Кавказ азаматтарына қарсы ксенофобтық мәлімдемелер жасап, оларды террористік қауіп төндіретін қылмыскерлер мен Ресей мәдениетіне жат адамдар деп атаған», дейді Абашин.

2017 жылы Навальный өзбектердің көпшілігі белгілі орыс ақыны Пушкинді білуі екіталай деген, бұл мәлімдеме Өзбекстанда шу тудырды. 2020 жылы уланудан айыққан соң берген сұхбатында Навальный бұл мәлімдемесі үшін кешірім сұраған.

Орталық Азияда Навальныйдың қазасын аймақтағы оқиғалармен үндестіргендер болды. Себебі аймақта саяси себеппен түрмеге қамалғандар жетерлік.

Орталық Азиядағы белсенділер мен оппозициялық саясаткерлер түрме қауіпті екенін жақсы түсінеді. Қазақстанда «Шаңырақ ісі» бойынша түрмеде 15 жылдан астам отырған саяси диссидент Арон Атабек денсаулығына байланысты 2021 жылдың қазанында шартты жазамен босап шықты. Түрмеде денсаулығы қатты нашарлаған ол кейін коронавирус ауруына шалдығып, өкпесі қабынды. Атабек бостандықта небәрі 54 күн өмір сүріп, 68 жасында қайтыс болды.

2020 жылы Қырғызстан түрмесінде өмір бойғы жазаға кесілген 68 жастағы этникалық өзбек, құқық қорғаушы Әзімжан Асқаров қайтыс болды. Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан түрмелерінде қайтыс болғандар туралы ақпарат көп.

Алматыда Ресей консулдығының алдына гүл қойған белсенділердің бірі Влада Ермольчева елдегі саяси тұтқындарды босатуға шақырды.

«Біз Қазақстанда тура осындай оқиға болғанын қаламаймыз. Бүкіл саяси тұтқындардың босатылғанын қалаймыз», деді ол.

МӘСКЕУДІҢ "ӨКТЕМ РИТОРИКАСЫ" ЖӘНЕ "ҚАРЫМТА ЖАУАТЫ ШЕКТЕУЛІ" АЙМАҚ

Украинаға басып кіргелі бері Ресей Орталық Азияға қатысты өктем, агрессивті риториканы күшейтті, деп жазады АҚШ-тағы Jamestown қоры.

Мақала авторы тәуелсіз зерттеуші Нұрбек Бекмырзаев ресейлік тарихшы Михаил Смолиннің НТВ арнасындағы бағдарламада Қазақстан мен Өзбекстан жайлы айтқан даулы мәлімдемесіне назар аударады. Импершіл көзқарас ұстанатын Смолин саяси ток-шоуда орыс революциясына дейін «қазақ, өзбек тәрізді халық болмағанын» мәлімдеді.

Автордың ойынша, Смолиннің бұл мәлімдемесі Ресей Орталық Азияға қатысты барған сайын өшпенділікке толы риторика ұстанатынын көрсетеді. Мәскеу Украинға басып кірмес бұрын дәл осындай мәлімдемелер айтқан: мұндай риторика аймақтағы мемлекеттердің тарихы мен егемендігін жоққа шығарады, басып кіріп, аннекиялап аламыз деп қорқытады, орыс халқын кемсітетін саясат ұстанып отыр деп айыптайды.

Орталық Азия мемлекеттеріне қарсы агрессивті мәлімдемелерді Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары да жасаған. 2022 жылдың тамызында Ресейдің бұрынғы президенті, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев ВКонтакте желісіндегі парақшасында Қазақстанды «жасанды мемлекет» деп атап, Астананы «орыстарға қарсы геноцид жасап жатыр» деп айыптады. Жазба 10 минуттан кейін ізім-ғайым жоқ болды. Кейін Медведевтің көмекшісі оның парақшасын әлдебіреулер бұзғанын хабарлаған.

Ресейдің өктем және агрессивті мәлімдемелері көп ретте Қазақстанға қарата айтылады. Бірақ Ресей шенеуніктері Орталық Азиядағы өзге елдерді де нысанаға алып жатады. Былтыр шілдеде Қырғызстан мемлекеттік қызметкерлер мен басқа топтарға қырғыз тілін білуді міндеттейтін мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаған соң, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Бішкекті «демократияға жатпайтын саясат жүргізіп отыр» деп айыптады. Былтыр желтоқсанда Ресей жазушысы және саясаткері Захар Прилепин Өзбекстан мен Совет одағында болған өзге елдерді Ресейге қосып алуға шақырып, бұл Ресейде орыс тілін білмейтін өзбек еңбек мигранттарының мәселесін шешеді деп қайырған.

Бекмырзаевтың жазуынша, Орталық Азия елдері Ресейге қауіпсіздік және экономикалық жағынан тәуелді болғандықтан, пропагандистерінің ақпараттық шабуылына қарымта жауап беруге келгенде аймақ мемлекеттерінің мүмкіндігі шектеулі. Орталық Азия елдері осы күнге дейін Ресей пропагандистерін нон-грата тізіміне қосып, қарсылық ноталармен берумен шектелген.

Автор Мәскеудің Украинаға басып кіруі Ресей элитасы мен қоғам қайраткерлерінің Орталық Азияға қатысты отаршыл, экспансияшыл көзқарасын әшкере етті деп есептейді. Ал аймаққа қарата айтылған агрессивті мәлімдемелер Орталық Азиядағы Мәскеу жайлы пікірге және жергілікті элитаның Ресеймен қарым-қатынасына нұқсан келтіріп, Ресейге селкем түсіреді.

ҒАЛЫМДАР МАҢҒЫСТАУДА БІРНЕШЕ АЙ БОЙЫ АУАҒА 127 МЫҢ ТОННА МЕТАН ЖАЙЫЛҒАНЫН АНЫҚТАДЫ

BBC арнасы «Бозащы-Мұнай» кәсіпорнына қарасты Маңғыстау облысындағы ұңғымадан былтыр бірнеше ай бойы ауаға 127 мың тонна метан бөлінгенін анықтады.

Былтыр 9 маусымда ұңғымадағы барлау жұмыстары кезінде газ атқылап, өрт шықты. BBC метан осы кезден бастап бөліне бастады деп жазады. Өрт тек алты айдан кейін, 25 желтоқсанда сөндірілді.

Метан көмірқышқыл газынан да улы. АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау агенттігінің парниктік газ есебіне сәйкес, 127 мың тонна метанның қоршаған ортаға әсері бензинмен жүретін 717 мың көліктің бір жыл ішінде бөлетін зиянды қалдықтарымен бірдей.

Метан − адам көзіне көрінбейтін газ. Бірақ күн сәулесі атмосферадағы метан қабатынан өткенде, оның ізін спектрометрмен жабдықталған спутниктер анықтай алады.

Маңғыстау облысында "Бозащы Мұнай" кәсіпорнына қарайтын Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнынан шыққан өрт. 2023 жылдың шілдесі.
Маңғыстау облысында "Бозащы Мұнай" кәсіпорнына қарайтын Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнынан шыққан өрт. 2023 жылдың шілдесі.

Метанның ауаға бөлінгенін алғаш рет Францияның Kayrros геоталдау фирмасы анықтаған. Олардың зерттеуін Нидерландыдағы ғарышты зерттеу институты мен Испаниядағы Валенсия политехника университеті растады. Спутник мәліметтеріне сүйенген ғалымдар былтыр маусым мен желтоқсан айының аралығында метанның жоғары концентрациясы 115 рет анықталғанын байқады. Осы көрсеткіш негізінде олар ұңғымадан 127 мың тонна метан ауаға жайылды деген қорытындыға келген. Бұл − метан көп көлемде ауаға жайылған әлемдегі екінші ірі апат болуы мүмкін.

Ұңғымаға иелік ететін «Бозащы мұнай» компаниясы көп көлемде метан бөлінгенін жоққа шығарды. BBC-дің жазуынша, компания ұңғымада газдың «болмашы көлемі» ғана болды, бөлінген метан ұңғымадан шыққанда жанып кететінін айтқан. Компания спутник атмосферадағы су буы мен басқа газдарды метанмен шатастырған болуы мүмкін әрі ғалымдар ауада бұған дейін болған метанды қоса есептеген дейді.

Бірақ Kayrros зерттеуін тексеруге қатысқан ғалымдар мұны жоққа шығарды. Валенсия политехника университетінің қызметкері Луис Гуантер ғалымдар метан іздерін тексергенін және ауада оған дейін болған метанды есепке алмағанын, су буы, түтін тәрізді газдар олардың талдауына әсер етпегенін жеткізді.

Атырау облысы өнеркәсіп қауіпсіздік комитеті апат себептерін зерттеп, «Бозащы мұнай» ұңғыманы бұрғылауды тиісті дәрежеде қадағаламады деген қорытындыға келген. Бұрғылау процесіндегі көптеген кемшілік үшін қосалқы мердігер Zaman Energo компаниясына кінә артқан. Zaman Energo BBC-ге комментарий беруден бас тартқан.

Қазақстан табиғи газ өндіруді арттырмақ. Климатты зерттейтін Climate Action Tracker тобы газ өндіру өссе, метанның ауаға жайылып кету қаупі төнеді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG