2023 жылы тамызда Ми-8 тікұшағымен Украинаға өтіп кеткен Ресей ұшқышы Максим Кузьминов Испанияда өлтірілген. Бұл жөнінде Испанияның iL Corrispondente және Informacion.es басылымдары жазды. Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы ұшқыштың өлгенін "Суспільне" басылымына растаған.
Испания БАҚ-тарының мәліметіне қарағанда, ұшқышты 13 ақпанда Аликантадағы Ла-Вильяхойоса қаласында өлтірген. Журналистер жазуынша, бірнеше оқ тиген ұшқыштың денесін көршілері көрген.
Кейін тергеушілер Кампельо қаласынан өртенген мәшине тапқан, ол мәшинені ұшқыштың көршілері оқиға орнынан байқаған. Испан полициясы әзірге бұл жөнінде пікір айтқан жоқ.
Ми-8 тікұшағын Украинаға алып кету операциясы алты айдан аса жүріп, 2023 жылы тоғызыншы тамызда аяқталған. Операция "Синица" деп аталған. Ұшқыш Кузьминов 2022 жылы Украинаға Ресей әскерімен бірге кірген, сонан кейін соғысты бастаған Ресей екенін түсінген. Кузьминов әскерден босай алмайтын болған соң, Украинаға қашуды жоспарлаған. Украина жағымен байланысқа шыққан соң оған Ми-8 тікұшағын Украинаға айдап әкелуді ұсынған.
"Тікұшақты жай ғана әкете салған жоқпын, алдын ала жоспар бойынша бір нүктеден екінші нүктеге жеткіздім <…> Шекараны кесіп өтерде тікұшақты атқылады. Кім атқанын анық білмеймін, бірақ Ресей жағы атқан болар деп топшылаймын. Аяғыма оқ тиді. Әрі қарай тағы да 20 шақырым ұшып, белгіленген орынға қондырдым", – деген болатын Кузьминов.
Тікұшақта Кузьминовтан өзге тағы екі ұшқыш болған. Олар тікұшақтың қайда бара жатқанын білмей, соңынан Кузьминовқа кедергі жасамақ болған. Қонған соң Ресей шекарасына қарай қашқан. Украина БАҚ-тарының мәліметіне қарағанда, екі ұшқыш та өлтірілген. "Россия 1" телеарнасының сюжетінде екеуінің де мәйіті үш аптадан соң Ресейге берілгені айтылған.
Кейіннен "Россия 1" телеарнасының сюжетінде тілші Сергей Зенин Ресей қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасы арнаулы қызметінің офицерлері Кузьминовты өлтіру жөнінде бұйрық алғанын айтқан. Офицерлердің бірі ұшқышты тауып, "сатқындық жасағаны үшін Ресей заңымен қатаң жазалайтынын", тағы бірі Кузьминовтың "сотқа дейін өмір сүрмейтінін" айтқан.
ПІКІРЛЕР