Accessibility links

ЦАРКА: Қытайлық хакерлік топ Қазақстанның маңызды IT инфрақұрылымдарын бақылаған


Қазақстандықтардың жеке деректерінің 16 ақпанда GitHub платформасында жарияланып кетуі “жүйесіздік және ведомство мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қою нәтижесі” деп мәлімдеді қазақстандық Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА).

Бұған дейін GitHub порталына қолданушылардың деректері жарияланып кеткені жөнінде мәлімет тараған. Болжам бойынша, мәліметтерді ақпараттық қауіпсіздік саласында қызмет көрсететін қытайлық I-Soon компаниясы жинаған. Мәселе аталған компанияның тыңшылық бағдарламасы жөнінде болуы мүмкін. Мәліметте Beeline, Tele-2, “Қазақтелеком” абоненттерінің деректері де бары хабарланды.

ЦАРКА-ның айтуынша, қытайлық хакерлер өз мақсаттарына жету үшін зиянкес бағдарламаларды (Windows, Mac, iOS және Android-қа арналған “трояндар”, DDoS сервистер, Wi-Fi бұзатын жабдықтар) пайдаланған.

Орталықтың бағалауынша, кемінде бір хакерлік топ екі жылдан астам уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының маңызды инфрақұрылымын толық бақылауда ұстаған. Хакерлер операторлардың хронология журналын, қоңырау ұзақтығы, IMEI құрылғылары және қоңыраулар биллингтерін қадағалаған. Онда сонымен бірге Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры, Air Astana, Қазақстан қорғаныс министрлігінің пошта серверлерінің де аты аталады.

ЦАРКА сонымен бірге хакерлік топтан зардап шеккендер туралы мәліметті тексеріп, “шабуылдар күштік құрылым қызметкерлеріне қарсы бағытталғанын” да анықтаған.

Бір күн бұрын Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы қызметпен бірлесіп "желіде мәліметтердің таралу" фактісін тексеруді бастағанын мәлімдеген. Мекеме қазақстандықтарды қауіпсіз әрі жеңіл құпия сөздерді қолданудан бас тартып, белгісіз сілтемелерді ашудан аулақ болуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG