"Ұйым Арменияға қатысты өз міндетін орындаған жоқ" деп мәлімдеді France 24 телеарнасына берген сұхбатында Армения премьер-министрі Никол Пашинян.
“Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Арменияға қатысты, әсіресе 2021-2022 жылдары орындалмады. Бұл назардан тыс қалмайды. Біз бұл келісімге қатысуымызды тоқтаттық. Әрі қарай не болатынын көреміз" деді Пашинян.
Пашинянның айтуынша, бірнеше ай бұрын Мәскеу "армян халқын билікті құлатуға ашық үндеген". Ол "Мәскеудің Ереванға қарсы үгіт-насихаты толастамай отырғанын" атап өтті.
Пашинян сонымен бірге 2023 жылы желтоқсанда Арменияға қашпақ болып, ұсталған, мобилизациядан қашқан Дмитрий Сетраковтың тағдырына алаңдаушылық білдірді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Сетраковты Ресей полициясы заңсыз ұстаған. Бұған дейін Армения билігі оның ұсталуына түсініктеме бермеген, енді Пашинян мұны "адам ұрлау" деп бағалап отыр.
"Біздің аумақта болған заңсыз әрекеттерге төзе алмаймыз" деді Пашинян. Егер Ереванның талаптары жауапсыз қалса, салдары болатынын ескертті.
Арменияда "Ресей әскери базасы жабылуы мүмкін" деген жорамалға қатысты Пашинян нақты жауап бермеді. “Қазір мәселе ол жөнінде болып отырған жоқ” деді.
Бұған дейін Пашинян Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыс кезінде әрекетсіздік танытты деп Мәскеуді қатаң сынаған. Оның пікірінше, бұл ҰҚШҰ-ның тиімсіздігін айғақтайды.
ҰҚШҰ хатшылығы өкілдері Ереван ұйымға мүшелігін тоқтату туралы өтініш түсірмегенін, мәселе "Арменияның ҰҚШҰ шараларына қатыспайтыны жөнінде болуы мүмкін" екенін айтты.
2023 жылы Пашинян Минскіде өткен ҰҚШҰ саммитіне қатысудан бас тартқан. Ол кезде Ереван Ресейдің әрекетінен кейін қауіпсіздік саласына қатысты өзге елдермен әріптестік орнатуды қарастырады деп мәлімдеген.
ҰҚШҰ-ға Армениядан бөлек, Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мүше.