Accessibility links

Украина әскері Краснодар өлкесінде ресейлік А-50 барлаушы ұшағын атып түсірді


А-50
А-50

Ресейдің Краснодар өлкесі Канев ауданы Трудовая Армения елдімекені аумағында А-50 радиолокациялық бақылау және басқару ұшағы құлады, деп хабарлады Украинаның қарулы күштеріндегі дереккөздерге сүйенген Liga.net, "Суспільне" және "РБК-Украина" сайттары. ​

Украина ақпарат құралдарының жазуынша, ұшақты Украинаның әуе қорғаныс жүйесі Азов теңізі аумағында атып түсірген.

Украина әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещук ұшақты Украинаның әуе қорғаныс жүйесі атып түсіргенін растады.

Украина бас барлау басқармасының хабарлауынша, бұл "басқыншы мемлекеттің Украинаға соққы жасау үшін" пайдаланған "әуе командалық пункі" болған.

"Бұл Украинаның әуе күштері мен бас барлау басқармасының керемет жұмысы. Ресейлік ұшақтар мен жаудың көзін құрту - бұл ұлкен абырой" деді Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский.

Трудовая Армения ауылы маңында ұшақ құлағанын "Верстка" басылымына жергілікті тұрғындар хабарлады.

"Балаларым серуендеп жүрген, бір нәрсе құлағанын көрді. Бірден жарылды. Балалар әуелі гуілді естіген, ізінше жарылған. Онлайн чатқа тұрғындар роликтер жібере бастады" деді "Верстка" басылымына дереккөздердің бірі.

Басылым дереккөзінің айтуынша, ұшақ ауылдан шамамен 15 шақырым жерге құлаған. Жергілікті тұрғындар таратқан видеоларда ұшақ бөлшектерінің үйлерге жақын маңға құлағанын көруге болады, оқиға орнында өрт басталған.

Ал ресейлік телеграм-арналар ұшақты Ресей әуе қорғаныс жүйесі атып түсіргенін жазды.

Ресейдің "РИА Новости" агенттігі жедел қызметке сүйене отырып, "белгісіз ұшақ Краснодар өлкесіндегі Канев ауданына құлады, оқиға орнында қамыс өртеніп жатыр" деп жазды.

Ресейдің қорғаныс министрлігі түсініктеме бермеді.

Қаңтар ортасында украин әскері Азов теңізінде А-50 радиолокациялық бақылау және басқару ұшағы және Ил-22М ұшағын жойған.

2023 жылы мамырда Ресейдің Украинамен шектесетін Брянск облысында екі Ми-8 тікұшағы, сонымен бірге Су-34 және Су-35 жойғыш ұшақтары апатқа ұшыраған. Украин әскери сарапшысы Роман Свитан ресейлік ұшақтар мен тікұшақтарды Украина аумағында Украинаның зениттік-ракеталық кешендері атып түсірген болуы мүмкін деп болжаған.

XS
SM
MD
LG