Accessibility links

Батыс елдері Украинаға қолдау көрсетуге уәде берді


Солдан оңға қарай: Джастин Трюдо, Джорджа Мелони, Владимир Зеленский, Урсула фон дер Ляйен және Александр Де Кроо. Киев, 24 ақпан 2024 жыл.
Солдан оңға қарай: Джастин Трюдо, Джорджа Мелони, Владимир Зеленский, Урсула фон дер Ляйен және Александр Де Кроо. Киев, 24 ақпан 2024 жыл.

Еуропа Украинаны "түпкілікті түрде азат" болғанға дейін қолдай береді. Киевтегі баспасөз мәслихаты кезінде Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен осылай деп мәлімдеді.

24 ақпанда Украинаға Урсула фон дер Ляйенмен бірге Италия, Канада, Бельгия премьер-министрлері – Джорджа Мелони, Джастин Трюдо және Александр Де Кроо барды. Reuters агенттігінің жазуынша, бұл сапар Украинаға қолдау білдіру мақсатын көздеген.

Зеленский сенбі күні Канада және Италия премьер-министрлерімен қауіпсіздік туралы келісімшартқа қол қойды.

Украина мен Канада арасындағы келісімнің мерзімі он жылға созылмақ, алайда кейін мерзімі ұзартылмақ. Құжат Украинаны қолдауға 2024 жылы 3 млрд канадалық доллар (2,2 млрд АҚШ доллары) бөлуді қарастырады.

"Біз Украинаны қандай шығын болмасын, қанша уақыт қажет болмасын, қолдай береміз" деді Джастин Трюдо.

Украина және Италия арасында да ұзақмерзімді әскери және қаржылай көмекті қарастыратын келісім жасалды. Құжат сонымен бірге Италия Украинаның НАТО-ға болашақта қосылуын қолдайтынын да растайды. Бұл құжат он жыл бойы күшінде болады.

Сенбі күні Батыс жетекшілері Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірге Гостомель әуежайына барды. 2022 жылы соғыстың алғашқы күндері Ресей әскері Киевке шабуыл кезінде әуежайды басып алмақ болды.

Урсула фон дер Ляйен Украина премьер-министрі Денис Шмыгальмен де кездесті. Еурокомиссия жетекшісінің айтуынша, 4,5 млрд еуро болатын Брюссельден қаржылай көмек Украинаға наурыз айында түседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG