Accessibility links

Ресей әскері Константиновка қаласына соққы жасады, темір жол вокзалы қирады


Соққыдан кейінгі Константиновка қаласы. 25 ақпан 2024 жыл.
Соққыдан кейінгі Константиновка қаласы. 25 ақпан 2024 жыл.

25 ақпанға қараған түні Ресей әскері Украинаның Донецк облысындағы Константиновка қаласын атқылап, соның салдарынан темір жол вокзалы қирады. Бұл жөнінде Донецк облыстық полициясы хабарлады. Соққыдан православ шіркеуі мен бірнеше тұрғын үй, әкімшілік ғимараттар мен сауда орындары бұзылған. Бір адам зардап шеккен.

Ақпаратқа қарағанда, қалаға ракетамен соққы жасалған немесе авиабомба тасталған. Әлеуметтік желіде бір шеті бұзылған вокзалдың фото-видеосы тарады.

Константиновка - Донецк облысының Украина бақылауындағы салыстырмалы түрде ірі қала. Ресей әскері қазір Константиновканың шығысындағы ең ірі елді мекен Часов Ярға шабуылдап жатыр. 2014 жылы Донбаста соғыс басталғаннан 2022 жылдың 24 ақпанына дейін Константиновка Киевтен Донбасқа жүретін пойыздың ең ақырғы станциясы болған.

25 ақпанда Ресей әскері сонымен бірге Украинаға 18 "Шахед" дронын жіберген, 16-сы атып түсірілген. Бұл жөнінде Украина қарулы күштері хабарлады. Хмельницкий облысында жергілікті биліктің хабарлауынша, дрон шабуылы кесірінен инфрақұрылым нысаны бүлінген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Кейінгі тәулікте артиллериялық соққы салдарынан Херсон және Запорожье облыстарында екі бейбіт тұрғын қаза болған.

Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға түсініктеме бермеді.

Украин және Ресей телеграм-арналарының жазуынша, Ресей әскері Донецк облысында Авдеевка түбіндегі елді мекендерге, Запорожье облысында – былтыр украин әскері қайтарған Работино ауылына шабуылдауға тырысып жатыр. Украиналық DeepState жобасының хабарлауынша, Украина қарулы күштері Ласточкино ауылынан кеткен. Бұл аумақта Ресей әскері Авдеевка қаласын басып алғаннан кейін шабуылын жалғастырып жатыр. Ласточкино қаласының Ресей әскеріне өткені жөнінде ақпаратқа Киев те, Мәскеу де әзірге түсініктеме берген жоқ. Работинодағы жағдай бойынша қарама-қайшы ақпарат түсіп жатыр: ресейлік дереккөздер орыс әскері ауыл орталығына бекіді деп жазса, украин дереккөздері оларды орталықтан тықсырғанын хабарлады. Соғыс жағдайында тараптардың ақпаратын тексеру қиын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG