Accessibility links

Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігі берілген


Ақылбек Мұратов
Ақылбек Мұратов

Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі, Алматыда ұсталған Ақылбек Мұратовқа (Ақылбек Мұратбайға) "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігі берілген. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің туысы Фариза Нарбекова хабарлады.

Ақылбек Мұратов адвокатының сөзінше, 23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Ақылбек Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігін беру туралы шешім қабылдаған.

"Куәліктің күші 2024 жылдың 23 мамырына дейін жетеді, қажет болса тағы үш айға ұзартылады. Қазақстан заңы бойынша, мұндай куәлігі бар адам экстрадицияланбайды. Осы құжат негізінде Мұратовқа босқын мәртебесі берілуі мүмкін. Ол мәселені прокуратура мен ҰҚК және өзге де өкілетті орган қызметкерлерінен құралатын комиссия шешеді" деді адвокат.

Ақылбек Мұратовты Өзбекстан сұрауы бойынша ақпанның ортасында Алматы полициясы ұстап, экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген. 17 ақпанда Мұратовты 40 күнге қамағаны мәлім болған.

Ақылбек Мұратовқа Өзбекстан "Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай тәртіпсіздікке, азаматтарға күш қолдануға шақырды", "Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатер төндіретін материалдарды сақтап, таратты және көрсетті" деген айып тағып отыр.

Адвокаттың ақпаратына қарағанда, Өзбекстан билігі "2022 жылы шілдеде болған Нөкіс оқиғасының 500 күндігі қарсаңында - "2023 жылы 13 қарашада үйдегі жарықты 16 минут өшіру (белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов Нөкіс оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған -ред.) жөнінде бастама көтеріп, жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп есептейді.

Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі, Өзбекстан азаматы Ақылбек Мұратовтың Қазақстанда өмір сүргеніне 10 жылдан асқан.

2022 жылы қантөгіспен аяқталған Нөкіс оқиғасынан соң Өзбекстан билігі Мұратовты "конституциялық құрылысты құлатпақ болды", "жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп айытпаған. Белсенді бұл айыпты "жала" деп санайды.

Қарақалпақтардың өзге белсенділері Ақылбек Мұратовтың қамауға алынғанын белсенділігімен байланыстырады. Мұратов Ташкент саясатын қатаң сынап, Өзбекстандағы адам құқығы мәселесін жиі көтеріп жүрген.

Нөкіс оқиғасы күшпен басылған соң Қазақстанға қашып келген қарақалпақтардың көптеген белсендісі өзбек билігі қысым жасағанын айтқан. Соның бірі Тілеубике Юлдашева жұма күні баспасөз-конференциясын өткізіп, ресми Ташкентті қуғын-сүргін жасамауға шақырған.

Нөкіс оқиғасы Өзбекстан конституциясынан Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы мәртебесін алып тастау жөніндегі ұсыныстан кейін басталған. Ресми мәлімет бойынша, Нөкіс оқиғасын күшпен басқан кезде 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросының мәліметіне қарағанда, Мұратов — Ташкент сұрауымен Қазақстанда ұсталған алтыншы қарақалпақ белсендісі. Бұған дейін белсенділер қамауда ұстау мерзімінің аяқталуына байланысты бір жылдан соң бостандыққа шығарылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG