Accessibility links

Байден мен Трамп өз партияларының Мичигандағы праймеризінде жеңіске жетті


27 ақпанда АҚШ президенті Джо Байден және бұрынғы президент Дональд Трамп өз партияларының Мичиганда өткен праймеризінде жеңіске жетті.

Демократиялық партия атынан екінші президенттік мерзім үшін сайлауға түсетін Джо Байден алдын ала ақпарат бойынша, шамамен 80 пайыз дауыс алған. Республикалық партия атынан сайлауға қатысудан үміті бар Дональд Трамп 67 пайыз дауыс иеленген. Джо Байденнің ірі қарсыласы жоқ. Ал шамамен 28 пайыз дауыс алған Трамптың басты қарсыласы Никки Хейли кандидаттық үшін күресе беретінін айтты.

Бақылаушылардың пікірінше, Трамптың Мичигандағы жеңісі – алғашқы дауыс берудегі бесінші жеңісі - оның Республикалық партия атынан сайлауға түсетін басты үміткерлік мәртебесін растай түседі. 5 наурызда 15 штатта қатарынан өтетін праймеризде Трамп тағы жеңсе, Хейли кандидаттықтан бас тартуы мүмкін деген болжам да бар.

Мичигандағы праймериз Джо Байден үшін ерекше сынақ болды, деп жазады бақылаушылар. Сенімді жеңіске қарамастан, сайлаушылардың шамамен 15 пайызы кандидаттардың ешқайсысына дауыс бермеген. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл демократтарды қолдайтын электораттардың бір бөлігі оның ХАМАС тобымен соғысып жатқан (ХАМАС АҚШ-та террористік ұйым деп танылған) Израильді қолдау саясатына қарсы екенін білдіреді. Халқының айтарлықтай бөлігі араб елдерінен келгендер құрайтын Мичиганда мұндай көңіл-күй ерекше байқалады, деп жазды бақылаушылар.

Праймериздер маусымда аяқталады. Екі партия атынан президент сайлауына түсетін кандидаттар Республикалық және Демократиялық партияның шілде және тамыз айындағы конференцияларында бекітіледі.

XS
SM
MD
LG