Accessibility links

Қырғыз парламентінде Сооронбай Жээнбековті экс-президент мәртебесінен айыруды ұсынды


Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков және депутат Ақылбек Тұмонбаев. Коллаж.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков және депутат Ақылбек Тұмонбаев. Коллаж.

Жогорку кеңеш депутаты Ақылбек Тұмонбаев бұрынғы мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековті Қырғызстан экс-президенті мәртебесінен айыруды ұсынды.

Депутаттың пікірінше, экс-президенттің кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовпен байланысы бар.

Ақылбек Тұмонбаев парламенттің 28 ақпандағы отырысында осындай ұсыныс тастады.

Депутаттың айтуынша, Матраимовқа байланысы бар бірнеше депутат парламенттен кетіп, министрлер қызметтен айрылып жатыр.

«Бірақ Матраимовты саясат сахнасына алып келген бір адам бар, оның есімі аталмайды. Бұл адам мемлекет есебінен өмір сүріп жүр. Ол кім? Ол – Сооронбай Жээнбеков» деп мәлімдеді Тұмонбаев.

Жогорку кеңеш вице-спикері, депутат Нұрланбек Азығалиевтің айтуынша, Жээнбековті экс-президент мәртебесінен айыру үшін фракция шешімі қажет, содан кейін комиссия жасақталады.

Қырғызстанда тәуелсіздік жылдары елді бес президент басқарды. Солардың ішінде Роза Отунбаева мен Сооронбай Жээнбеков қана экс-президент мәртебесін сақтап қалды.

Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы президент болып сайланған. Ол бұл қызметте 2020 жылға дейін отырып, қазандағы наразылықтан кейін өз еркімен биліктен кеткен.

Сооронбай Жээнбековтің әзірге бұл мәлімдемеге реакциясы жарияланбады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Сооронбай Жээнбеков тұсында кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың ісіне байланысты “Азаттық” зерттеуі шығып, қоғамда қызу талқыланған. Бірақ реакция болмаған. Дубайдағы қырғыз азаматтарымен кездесу кезінде бұл жөнінде сұрақ қойылған кезде экс-президент “сізде фактілер бар ма?” деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG