Accessibility links

Навальныйды жерлейтін күні Мәскеуде қауіпсіздік күшейді, шіркеу маңына автозактар қойылды


1 наурызда ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный жерленеді. Жұма күні Мәскеуде қоштасу рәсімі өтетін "Утоли моя печали" храмы мен саясаткерді жерлейтін Борисов зиратында қауіпсіздік күшейді, деп хабарлады журналистер.

1 наурызда таңертең шіркеу маңына көлемі әртүрлі кемінде 40 полиция машинасы қойылған. Темір шарбақтар әзірленген, аумақты арнайы жасақ бақылауға алып тұр, деп жазды "Сота".

Полицейлер Борисов зираты маңындағы Братеев көпірінде ары-бері өткен адамдардың құжаттарын, жеке заттарын тексерген. Храмға автозактар келіп жатыр, деп жазды "Медиазона".

Шіркеу маңында интернет ақауы жиілеген. Бұған дейін The Insider ғимарат маңына арнайы қызметке арналған антенна орнатылғанын жазған. "Нені өшіресіңдер?" деген тілшінің сұрағына антеннаны орнатушы маман "ол сіздерге байланысты" деп жауап берген.

Навальный командасы қоштасу рәсімінен тікелей эфирде хабар таратуды жоспарлап отыр. Ол Мәскеу уақытымен 12-де басталады.

RusNews-дің жазуынша, Навальныймен қоштасу рәсіміне байланысты қауіпсіздік 29 ақпаннан бастап күшейтіле бастаған. Бейсенбі күні "Борисов" зираты мен "Борисово" метро станциясы маңын полицейлер торуылдап жүрген. Аумақта бақылау камералары көбейтілген. Темір шарбақтар әзірленген.

Зиратқа кіреберісті полицейлер бақылап, зиратқа кірмек болған адамдардың құжаттарын тексерген, келу мақсатын сұраған. Полицейлер "терорристік операцияның алдын алу мақсатында" тұрғындардың жеке заттарын тексерген.

Алексей Навальныйдың денесі 24 ақпанда анасы Людмилаға берілген. Оған дейін бірнеше күн бойы туыстары саясаткердің денесін ала алмаған еді. Людмила Навальная тергеу комитеті "жерлеуді жасырын өткізесің, әйтпесе ұлыңды түрме ішінде жерлей саламыз" деп шарт қойғанын айтқан.

  • Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Ресейдегі Ямал-Ненецк автономды аймағында орналасқан түрмеде көз жұмғанын Ресей билігі 16 ақпанда жариялаған. Қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметінің хабарлауынша, ерекше қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеген оппозиционер "күндіз серуеннен кейін көз жұмған". Саясаткер қаза болғанға дейін бірнеше күн бұрын тәртіптік изоляторға 27-рет жөнелтілген.
  • Оппозиционердің жақтастары саясаткерді өлтірді деп санайды. Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG