Accessibility links

Израиль Газада атысты тоқтату туралы ұсынысқа "азды-көпті" келісті


Газа секторындағы Израиль солдаттары. 26 ақпан 2024 жыл.
Газа секторындағы Израиль солдаттары. 26 ақпан 2024 жыл.

Израиль палестиналық ХАМАС тобымен (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған) Газа секторында алты аптаға созылатын атысты тоқтату туралы ұсынысқа "азды-көпті" келісті. Бұл жөнінде Ақ үй өкіліне сүйенген CNN телеарнасы және Financial Times басылымы жазды.

Жоспарға сәйкес, атысты тоқтату ХАМАС кепілдікте ұстап отырған азаматтарды, негізінен әйелдер мен қарттарды, жараланғандарды босатуға, бұған қоса, Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге көмектеседі. Financial Times-тың жазуынша, ХАМАС әзірге жоғарыда аталған категорияға кіретін адамдарды босатуға келіскен жоқ.

Ақпарат құралдарының жазуынша, палестиналық топтың өкілдері, АҚШ, Катар келіссөзді жалғастыру үшін Каирға келген. Израиль делегациясы енді келуге тиіс.

Алдыңғы алмасу былтыр қарашада өткен және бір аптаға созылған.

CNN-нің жазуынша, алты апта ішінде кепілге алынған азаматтарды алмасудың екінші кезеңін жүзеге асыру және секторға көмек жеткізу жолы қарастырылмақ.

ХАМАС өкілдерінің айтуынша, егер Израиль топтың талаптарына келіссе, атысты тоқтату режимі екі күн ішінде күшіне енуі мүмкін. Шарттардың арасында бейбіт азаматтарды Газа секторының солтүстігіне қайтару және секторға гуманитарлық көмекті ұлғайту бар.

  • Газа секторында соғыс 7 қазанда басталған. Ол кезде ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) содырлары Израильге шабуыл жасап, соның салдарынан AFP мәліметінше шамамен Израильде 1200-ден астам адам өлген. Басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. ХАМАС шамамен 250 адамды кепілдікке алған. Кейбірі кейін өлтірілді.
  • Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан елде кемінде 30 мың адам өлген, басым бөлігі – әйелдер мен балалар.
  • The Guardian мәліметінше, кейінгі кезде Газаға көмек көлемі 80 пайызға қысқарған. Халықаралық агенттіктер Газа секторына гуманитарлық дағдарыс, аштық пен індет қаупі төнгенін айтқан.
XS
SM
MD
LG