Accessibility links

Одессада дрон шабуылынан қираған үйдің орнынан тағы екі бала өлі табылды


Ресейлік дрон шабуылынан қираған үй. Одесса, Украина, 2 наурыз, 2024 жыл.
Ресейлік дрон шабуылынан қираған үй. Одесса, Украина, 2 наурыз, 2024 жыл.

Украинаның Одесса қаласында, кейінгі мәліметтерге сәйкес, 2 наурыздағы ресейлік дрон шабуылынан қаза болғандар 12 адамға жетті. Құтқарушылар шабуылдан қираған үйдің үйінділерінің астынан қаза тапқан тағы екі баланы — олар 10 жастағы ұл мен 8 жастағы қызды тапты. Бұл туралы Одесса облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Кипер хабарлады.

Украинаның төтенше жағдай қызметі 3 наурызда Одессадағы көпқабатты тұрғын үйдің қираған бөлігінің астында әлі кемінде 4 адам болуы мүмкін деп мәлімдеді. Мекеменің ақпаратынша, жексенбіде төтенше жағдай қызметіне үш адам хабарласып, өздерінің тірі екенін айтқан. Олардың аты-жөні шабуылдан қаза тапқан болуы мүмкін деген адамдардың тізімінде болған.

2 наурызда ресейлік дрон шабуылынан Одессадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің кіреберісі қираған. Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу операциясы жалғасып жатыр. Бұған дейін шабуыл салдарынан кемінде 10 адам қаза тапқан, арасында үш бала (екі нәресте) бар деген ақпарат тараған. Кейінгі мәліметтер бойынша, шабуылдан бес бала мерт болған. 3 наурыз Одессада аза тұту күні болып жарияланды.

Украинаның оңтүстіктегі қорғаныс күштері 2 наурызға қараған түні Ресей әскері Одесса облысына сегіз "Шахед" дронымен шабуыл жасағанын хабарлады. Украина жағы олардың жетеуін атып түсірген. Ресей тарабы шабуыл жөнінде әзірге ештеңе айтпады. Мәскеу Украинадағы азаматтық нысандарға қасақана шабуыл жасады деген айыпты бірнеше рет жоққа шығарған.

Украинаның Донецк облысындағы жетекшісі жексенбіде Ресей әскері Курахово қаласына шабуыл жасағанын хабарлады. Аймақ әкімшілігінің жетекшісі Вадим Филашкин телеграм-арнасында шабуыл салдарынан 16 адам жараланғанын, екі адамның жағдайы ауыр екенін жазды.

"Жау қаланың қақ ортасына әуеден шабуыл жасап, кемінде 15 көпқабатты үйге зақым келтірді. Алдын ала ақпарат бойынша, Ресей қашықтан басқарылатын әуе бомбасын қолданған" деп жазды Филашкин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG