Азаматтардың жеке деректерінің жариялануына қатысты қылмыстық істерді тергеп жатқанын айтқан Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) "шетел арнайы қызметінің оқиғаға қатысы анықталмағанын" мәлімдеді. "Информбюро" басылымына жіберген жазбаша жауабында ҰҚК осылай деп мәлімдеген.
Ведомствоның хабарлауынша, қазір "зиянкес бағдарламалар мен бағдарлама өнімдерін жасау, пайдалану немесе тарату" бойынша сотқа дейінгі үш қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.
"Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің жариялануына шетел арнайы қызметінің қатысы анықталмады. Дегенмен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде Қылмыстық кодекстің 210-бап 2-бөлігі бойынша бұған дейін тіркелген үш қылмыстық іс аясында Қазақстанның ақпарат-коммуникациялық инфрақұрылымының маңызды нысандарына қатысты зиянкес бағдарлама және бағдарлама өнімдерін жасау, пайдалану немесе тарату фактілері тексеріліп жатыр" деп жазылған ҰҚК жауабында. Ведомство өкілдері тергеу құпиялылығын алға тартып, өзге мәлімет айтпаған.
Өткен айдың ортасында GitHub порталына қазақстандық қолданушылардың жеке деректері жарияланып кеткені жөнінде мәлімет тараған еді. Болжам бойынша, мәліметтерді ақпараттық қауіпсіздік саласында қызмет көрсететін қытайлық I-Soon компаниясы жинаған. Мәселе аталған компанияның тыңшылық бағдарламасы жөнінде болуы мүмкін. Мәліметте Beeline, Tele-2, “Қазақтелеком” абоненттерінің деректері де бары хабарланды. Бұған дейін I-Soon компаниясының Қытайдың арнайы қызметіне қатысы бары айтылған еді.
Қазақстандық Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) қазақстандықтардың жеке деректерінің жарияланып кетуі “жүйесіздік және ведомство мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қою нәтижесі” деп бағалаған. Орталықтың бағалауынша, кемінде бір хакерлік топ екі жылдан астам уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының маңызды инфрақұрылымын толық бақылауда ұстаған. Хакерлер операторлардың хронология журналын, қоңырау ұзақтығы, IMEI құрылғылары және қоңыраулар биллингтерін қадағалаған. Онда сонымен бірге Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры, Air Astana, Қазақстан қорғаныс министрлігінің пошта серверлерінің де аты аталады.
Осыған дейін Air Astana және Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры клиенттерінің "жеке дерегі ұрланды" деген мәліметті терістеген.
Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы қызметпен бірлесіп "желіде мәліметтердің таралу" фактісін тексеруді бастағанын мәлімдеген.
Қазақстанда жеке деректердің қорғалмағаны жиі айтылады. Бір күн бұрын Қазақстанның мемлекеттік техникалық қызметі Zaimer.kz микроқаржылық ұйымының 2 млн клиентінің жеке дерегі "қолды болғанын" хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, компанияның серверіне шабуыл жасалып, азаматтардың жеке деректері (аты-жөні, электронды жәшігі, жеке құжатының нөмірі, жұмыс орны,мекенжайы, банк есепшотының нөмірі) телеграмға жарияланып кеткен.
ПІКІРЛЕР