Accessibility links

Үндістан адам саудасымен айналысқан желіні әшкереледі. Топ жас жігіттерді алдап, Украинадағы соғысқа жіберген


Украинадағы соғысқа еркінен тыс жіберілген, Ресейден қашқан Үндістан азаматы Шейх Мохаммад Тахир
Украинадағы соғысқа еркінен тыс жіберілген, Ресейден қашқан Үндістан азаматы Шейх Мохаммад Тахир

Үндістанның арнайы қызметі адам саудасымен айналысқан ірі желіні әшкереледі. Оның мүшелері жас жігіттерді алдап, Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шартқа отыруға мәжбүрлеп, Украинадағы соғысқа жіберіп отырған. Бұл жөнінде Үндістан орталық тергеу бюросына сүйенген Reuters жазды.

Бюроның мәліметінше, желі құрылғалы бері топ кемінде 35 адамды өздеріне тартқан. Тергеу органының айтуынша, желі мүшелері оларды Ресейге баруға үгіттеп, "жақсы жұмыс немесе күмәнді жеке университеттерден орын" ұсынған. Қылмыстық топ мүшелері адамдарды әлеуметтік желі немесе жергілікті компаниялар, турфирмалар арқылы тартқан.

"Қылмыстық схемадан зардап шеккен Үндістан азаматтары әскери қимылдарға үйретіліп, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аймағындағы алдыңғы шепке күштеп жіберілген" деп жазылған бюроның мәлімдемесінде. Одан Reuters үзінді келтіреді.

Ведомствоның хабарлауынша, Ресей арқылы Украинадағы соғысқа жіберілгендердің кейбірі ауыр жарақаттанған.

Үндістанның арнайы қызметі Украинадағы соғысқа тартуға қатысы болуы мүмкін 13 ұйымда тінту жүргізіп, күдіктілер ұсталған.

Бұған дейін Үндістанның Ресейдегі елшілігі Үндістан азаматы Шри Мохаммед Асфан қаза болғанын хабарлаған. The Statesman басылымының жазуынша, 30 жастағы Асфан Ресейге 2023 жылы желтоқсанда барған. Оған "көмекші жұмысын тауып береміз" деп уәде берген, алайда оны алдап, Ресей әскеріне қосып, Украинамен шекарадағы қақтығысқа жіберген.

6 наурызда Үндістанның жеті азаматы видеомәлімдеме жасап, өздерін Украинадағы соғысқа алдап жібергенін мәлімдеген.

2024 жылы ақпанда Үндістан Ресей әскерінің құрамында қалған шамамен 20 азаматын еліне қайтаруға күш салып жатқанын айтқан. AFP-дің жазуынша, Үндістанның бірнеше азаматына бүлінген ғимараттарды тазалау жұмысын ұсынған, алайда барғаннан кейін олардың қолына "қару ұстатқан".

XS
SM
MD
LG