Accessibility links

Салтанат Нүкенованың ісі: прокурор айыптау актісін оқыды, Бишімбаев айыпты мойындамады


Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша істің алдын ала тыңдауы. Журналистер сот залына кіре алмай тұр. Астана, 11 наурыз 2024 жыл
Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша істің алдын ала тыңдауы. Журналистер сот залына кіре алмай тұр. Астана, 11 наурыз 2024 жыл

11 наурызда Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Күдікті – оның күйеуі, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. Сот тыңдауында прокурор айыптау актісін оқып, "Бишімбаевтың Нүкенованы жиі соққанын, табыс табуға тыйым салғанын, аса қатыгездікпен өлтіргенін" айтты. Ал Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Биылғы жылдың ең шулы сотына адам көп жиналды. Журналистерді сот залына кіргізбей, олар отырысты басқа залдағы экраннан бақылады. Сот залына марқұм Нүкенованың жақындары да кіре алмағаны айтылды.

Нүкенованың жақындары мен жәбірленуші тараптың адвокаттары сот залының алдында тұр. Астана, 11 наурыз 2024 жыл.
Нүкенованың жақындары мен жәбірленуші тараптың адвокаттары сот залының алдында тұр. Астана, 11 наурыз 2024 жыл.

Былтыр 8 қарашада Астанадағы "Бау" ресторанында бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза тапқан. Сол күні ұсталған Бишімбаев 11 қарашада бұл қазаға күдікті ретінде қамалған еді. Бишімбаев Қылмыстық кодекстің "Қинау" және "Аса қатігездікпен адам өлтіру" бабы бойынша айыпталған еді. Осы іс бойынша тергеу аяқталып, енді сот басталды.

АЙЫПТАУ АКТІСІНДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН?

Сот тыңдауында прокурор Айжан Аймағанова Бишімбаевқа қатысты айыптау актісін оқыды. Ол экс-министр мен азаматтық некедегі әйелі Нүкенова екеуінің ара-қатынасы мен 9 қарашадағы оқиғаны айыптау тарабынан баяндап берді. Прокурор оқыған айыптау актісінің негізгі тұстары мынандай:

  • "2022 жылдың тамызынан Бишімбаев Салтанат Нүкенованы кездесуге шақыра бастаған. Нүкенова бірнеше рет бас тартса да, Бишімбаев қоймай, оған көңілін білдірген. Қысқа уақытта Бишімбаев өзін жақсы жағынан көрсеткен. 2022 жылдың 16 желтоқсанында олар үйлену тойын жасаған, бірақ некелерін ресми түрде тіркемей, азаматтық некеде болған. Басында-ақ Бишімбаев Нүкеновамен санаспай, агрессия көрсетіп, жиі ашулана бастаған".
  • "Бишімбаев Нүкеноваға туыстарымен, құрбыларымен сөйлесуге тыйым салып, телефон қоңырауларын және хаттарын бақылаған. Табыс табатын жұмыстармен айналысуға да шектеу қойған. Осы арқылы Нүкенованы өзіне материалдық жағынан тәуелді еткен".
  • "Бишімбаев Нүкенованы қызғанып, өткен өміріне қатысты сұрақтар қойып, басқа еркектерге көзқарасына тиісіп, боқтап, абыройын түсіретін сөздер айтқан. Бишімбаев күшін пайдаланып, Нүкенованы жиі ұрған".
  • "Нүкенова Бишімбаевтан бірнеше рет кетуге талпынған, бірақ ол түзелетінін, енді қол көтермейтінін айтып, әйелді қайтарып алған".
  • "Былтыр қазанда Бишімбаев Нүкенованы тағы ұрып, басынан жарақаттанған. Мұны сараптама растаған".

9 ҚАРАШАДА НЕ БОЛҒАН? ПРОКУРОРДЫҢ НҰСҚАСЫ

Прокурордың сөзінше, Бишімбаев пен Нүкенова былтыр 9 қарашада ресейлік әнші Дима Биланның концертіне барып, сонда жанжалдасады. Кейін Астанадағы "Бау" ресторанына келіп, ішімдікке тапсырып береді. Кейін Нүкенова шаршағанын, мейрамханадан кететінін айтып, ағасына "үйіңе барамын" деп жазады. Бірақ Бишімбаев оны жібермей, қарым-қатынастары жөнінде сөйлесуді жалғастырады.

Прокуратураның дерегінше, "Бишімбаев мейрамханада Нүкенованы боқтап, абыройын төгетін сөздер айтып, сатып алып берген киімдері мен әшекейлерін міндетсінген. Осыдан соң Нүкенова киімдері мен әшекейлерінің бәрін шешіп, лақтырған. Бұған Бишімбаев қатты ашуланып, Нүкенованы боқтап, ұрып, шашын жұлған".

Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова.
Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова.

"Нүкенова қорыққаннан мейрамханадағы дәретханаға жасырынған. Бірақ Бишімбаев дәретхана есігін бұзып, Нүкенованы жұдырықпен ұрып, тепкілей бастаған. Одан соң Нүкенованы басынан ұстап, қылқындырған. Кейін Бишімбаев Нүкенованың ес-түссіз, демалмай жатқанын түсінген соң ғана тоқтаған. Бишімбаев Нүкенованы аса қатыгездікпен аямай соққан. Соның нәтижесінде Нүкенова көз жұмған" деді прокурор Аймағанова.

БИШІМБАЕВ ПЕН ҚОРҒАУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Прокурор айыптау актісін оқып болған соң Бишімбаев "айыбын мойындамайтынын" айтып, "іске алқа билер де араласса" деген өтінішін жеткізді.

"Айыптау мәні түсінікті, мен айыбымды мойындамаймын. Менің ісім алқа билердің қатысуымен қаралғанын қалаймын. Іс ашық түрде қаралып, БАҚ өкілдері қатысқанын да қалаймын" деді ол.

Ал Бишімбаевтың адвокаттары ол Нүкенованы "аса қатыгездікпен өлтірмегенін" алға тартады. Бұған қоса, қорғаушылар Бишімбаевтан "дұрыс жауап алынбағанын", Нүкенова қаза тапқан күні "Бишімбаев аффект жағдайында болғанын" айтады.

Бишімбаев ісі бойынша алдын ала тыңдау. 11 наурыз 2024 жыл.
Бишімбаев ісі бойынша алдын ала тыңдау. 11 наурыз 2024 жыл.

Адвокаттар "аса қатыгездікпен өлтіру үшін адам алдына ала дайындалуы керек, ал Нүкенова мен Бишімбаевтың ұрсысы аяқ астынан болды" деп санайды.

"Істі аса қатыгездікпен адам өлтіру деп саралауға негіз жоқ. Тергеу Нүкенованы жиі ұрғанын, материалдық тұрғыда тәуелді болғанын дәлелдей алмады. Қорғау тарабы сотқа дейінгі тергеуді қайта жүргізіп, Бишімбаевтың әрекетін "Адамды абайсызда өлтіріп алу" бабына ауыстыруды сұрайды" деді адвокат Назкен Құсайынова.

Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

Тергеу тарабының мәліметінше, Нүкенова қаза тапқан соң Бишімбаев өзінің туысы Бақытжан Байжановты шақырып, жұмысшыларды қайтаруды, видеокамерадан видеоларды өшіруді талап етеді. Іс материалдарына сай, Байжанов мейрамханаға келіп, жерде жатқан Нүкенованы, едендегі хатты, жұлынған шашты, сынған ыдыстарды көрген. "Байжанов Нүкенованың көз жұмғанын біле тұра полицияға хабарламаған" деп жазылған іс құжатында.

Нүкенованың қазасынан қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтыла бастаған. Былтыр 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі "ерекше бақылауда ұстауда" тапсырған еді.

Бишімбаев 2018 жылы жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев оған кешірім берген еді. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты түрде қамаудан шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG