Әзербайжанның Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы ашылды. Салтанатқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысты. Бұл жөнінде Ақорданың телеграм-арнасы хабарлады.
Қазақстан президенті бұл орталықты "қазақстандықтар атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту" деп атады. Орталықты қазақстандық BI Group компаниясы салған.
"Бұл тек балалар шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады" деді Ильхам Әлиев.
Орталық жобасы 2022 жылғы 24 тамызда Тоқаевтың Әзербайжанға алғашқы жұмыс сапары кезінде таныстырылған. Ресми мәлімет бойынша, ғимарат 9 айдың ішінде салынған. Екі қабатты ғимаратта 600 бала мектептеп тыс білім ала алады. Онда өнер, спорт және басқа да салалар бойынша үйірмелер болмақ.
Қазақстан президенті Әзербайжанға сапарында Астана Қарабақты "гүлдендіруге үлес қосуға дайын екенін" айтты.
- Физули қаласы 1993-2020 жылдар аралығында Әзербайжанның бақылауынан тыс қалып, мойындалмаған Таулы Қарабақ жікшіл аймағының қарамағында болған.
- Баку Таулы Қарабаққа толық бақылау орнатқанда Астана мұны "тарихи оқиға" деп атап, Тоқаев Әлиевті "елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтіруімен" құттықтаған.
ПІКІРЛЕР