Accessibility links

Ырғыздағы жол апатына айыпталған мұғалім бес жылға сотталды


Жандос Шамшаддин сотта тұр.
Жандос Шамшаддин сотта тұр.

12 наурызда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушыларды пәндік олимпиадаға апара жатып, жол апатына ұшыраған мұғалімді бес жылға түрме жазасын кесті. Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы мектептің 25 жастағы мұғалімі Жандос Шамшаддин "көлік жүргізу ережесін бұзып, үш адамның өліміне себепкер болды" деп сотталды. Сот үкімі күшіне енсе, Жандос Шамшаддин жеті жылға көлік жүргізу құқығынан да айырылады.

Үкім оқылған кезде сот залында жәбірленуші тарап өкілдері болмады. Судья Нұрлан Бақтығалиевтің айтуынша, жәбірленушілер сот алдында Жандос Шамшаддинге кешірім берген.

– Бұл жерде ауырлататын мән-жай жоқ, өздеріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан мен 10 жылдың бес жылын беріп отырмын. Бұл – абайсызда жасалған қылмыс, әдейі жасалған қылмыс емес. Сондықтан сотталушы жазасын қатаңдығы барынша төмен мекемеде өтейді, – деп түсіндірді өзі шығарған үкімді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты білім басқармасы мен Ырғыз аудандық ішкі істер бөліміне жеке қаулы жолдады. Судья Нұрлан Бақтығалиев жеке қаулының мәтінін толық оқыған жоқ. Сөзіне қарағанда, істі қарау барысында мектеп директоры мен оның орынбасары, аудандық білім бөлімі тарапынан олимпиадаға баратын топты ешкім қадағаламағаны анықталған. Полиция тарапынан да бақылау болмаған.

– Сондықтан адам өлімі үшін Ырғыз аудандық полиция бөлімі мен білім басқармасы жауап беруі керек, – деді судья.

Үкімнен бұрын соңғы сөзін айтқан Жандос Шамшаддин жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.

– Бұл – маған Алла берген сынақ, жүрегіме мәңгілікке салынған таңба. Сот мырза, қолыңыздан келгенше жеңіл жаза беруіңізді сұраймын, – деді ол соңғы сөзінде.

Сотталушының туыстары өздерін өте сабырлы ұстады. Бес жылға сотталған мұғалімнің әкесі Сайран Бахманов Азаттық тілшісіне апелляция алқасына шағымданатын ойы жоқ екенін айтты.

2023 жылғы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Рөлде Жандос Шамшаддин отырған.

Прокурор Асланбек Ибрашевтың сөзінше, Шамшаддин аудан орталығы Ырғызға барар жолда қарсы бағытқа шығып кетіп, рөлге ие бола алмай, Қырғызстан азаматы жүргізіп келе жатқан Volvo жүк көлігімен соқтығысқан.

Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында Шамшадиннен өзге тағы бір мұғалім Асқарбек Әбдіғапар мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жол апатынан Асқарбек Әбдіғапар мен екі оқушы тіл тартпай кеткен. Үш бала ауруханаға түскен.

Жол апатынан мерт болған оқушының бірі – сотталушы Жандос Шамшаддиннің туған қарындасы.

Осы апаттан соң елдегі мектептерге арнайы автобус жетіспейтіні айтылды. Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы орта мектепте оқушыларды пәндік олимпиадаға апаратын көлік болмай мұғалім оқушыларды жекеменшік көлігімен алып шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG