Eurasianet.org мәліметінше, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Әріпов бастаған үкімет делегациясы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында Қытайда болып, жаңа инвестициялық келісім жасай алмай қайтқан.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, сапардың мақсаты – екі ел арасында сауда мен инвестицияны арттыру.
Азаттықтың Өзбек қызметінің жазуынша, Өзбекстан премьер-министрі Қытайдың Шыңжаң өңіріне алғаш рет сапарлаған. Бұл өңірде мұсылман ұйғырлар тұрады. Өзбекстан Қытайдың ұйғырлар мен басқа да аз ұлттарға қатысты саясатын қолдаған. Ресми Ташкент бұрын Қытайға кем дегенде бір ұйғыр белсендісін ұстап бергені мәлім.
Ташкент пен Гуанчжоудағы инвестициялық форумдар өзбек баспасөзінде көп жазылғанымен, оның қаншалықты жемісті болғаны туралы ешқандай мәлімет тарамады.
Eurasianet мәліметінше, Қытайдың бұрынғы совет елдеріне салған инвестициясының көлемі 80 миллиард долларға жеткен.
Жеті жарым жылда Қазақстан Қытайдың Еуразияға салған инвестициясының 52 пайызын (шамамен 41,9 млрд доллар), ал Ресей шамамен 24 пайызын (19,2 млрд доллар) игерген.
Инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ секторына салынған.
Қытай жағынан басты инвестор – Пекин бақылауындағы энергетикалық конгломерат CNPC корпорациясы.
Наурыздың басында Шыңжаңда Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол жобасын іске қосу мәселесі талқыланған. Оған Қырғызстан жағынан премьер-министр Ақылбек Жапаров, Өзбекстан жағынан премьер-министр Абдулла Әріпов және қытай шенеуніктері қатысқан.
Қытай жобаны қосымша қаржыландырудан бас тартқаннан кейін қазір ол тоқтап тұр. Тіпті кейінгі келіссөздер де жобаның жүзеге асуын жылжыта алған жоқ, деп жазды Eurasianet.org.
ПІКІРЛЕР