АҚШ өкілдер палатасында республикашылдар мен демократтар конгресте жиі байқала бермейтін "ауызбірлік танытып", АҚШ аумағында қытайлық TikTok қосымшасын шектеу туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатты 352 депутат қолдады, 65 депутат қарсы болды. Заң жобасына қарсылардың 50-і – демократ, 15-і – республикашылдар, деп жазды CNN.
Заң шығарушы орган өкілдері егер қытайлық ByteDance компаниясы TikTok-ты өзге компанияға сатуға келіспесе, TikTok қосымшасын Америкадағы Apple және Google дүкендерінде сатуды тоқтатуды ұсынады.
Шектеуге қарсы депутаттардың пікірінше, TikTok АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Олардың сөзінше, қытай үкіметі ByteDance-ты TikTok-ты пайдаланатын АҚШ азаматтарының жеке деректерін Қытай билігіне беруге мәжбүрлеп, өздерінің арнайы қызмет туралы заңын оған қарсы қолдануы мүмкін.
Қазіргі кезде ByteDance пен Қытай үкіметі арасында байланыс барын дәлелдейтін көптеген дереккөз бар. ByteDance АҚШ және өзге елдерде талай тергелген.
Заң жобасын сенат қолдап, президент қол қойса, ByteDance компаниясына бес ай уақыт беріледі. Сол уақыт аралығында TikTok өзге компанияға сатылуға тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, қосымша Apple және Google дүкендерінен алынып, АҚШ азаматтары оларды жүктей алмайды.