Ресей әскеріне шақырылғаннан кейін қашқан тәжік азаматы Беларусьте ұсталды. Бұл жөнінде Мәскеудің тергеу комитеті басқармасы хабарлады.
Тергеу мәліметінше, 2004 және 2005 жылдары туған екі тәжік азаматы 2019 және 2022 жылдары Ресей азаматтығын алған. Олар былтыр қазан айында әскерге шақырылған. Алайда Мәскеудегі әскери комиссариаттың жиналу пунктінен қашып кеткен.
Ресейде оларға "әскери борышын өтеуден қашты" деген сырттай айып тағылды. Оларды іздестіру барысында бірі Беларусьта жүргені анықталған.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін мигранттарды соғысқа тарту әрекеті жүріп жатқаны бірнеше рет хабарланған. "Заңсыз мигранттарды ұстау" рейді жиі өтетін болды.
Бірақ соғысқа қарамастан Ресейде орыс паспортын алғысы келетін тәжікстандықтар азайған жоқ. Егер 2021 жылы 103 мыңнан астам тәжікстандық Ресей паспортын алса, 2022 жылы 119 609 адамға көбейген. 2023 жылдың алғашқы тоқсанында 44 854 тәжік азаматы орыс паспортын алған.
ПІКІРЛЕР