Қазақстан билігі ел азаматтары мен резиденттерінің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін шектеу қызметін цифрлық форматқа көшірді. Бұған дейін үкімет "лудоманиямен күрес бойынша бірқатар жаңа шара" қабылдауға уәде берген.
Шектеу бойынша өтінішті eGov мобильді қосымшасында электронды цифрлы қолтаңбамен беруге болады. Бұл туралы 18 наурызда Қазақстан туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Азамат өтініш берсе, сервис оны дереу тіркеп, "құмар ойындар және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар" тізіміне енгізеді.
Шектеу мерзімі — 6 айдан 1 жылға дейін және ол шешімді кері өзгерте алмайды. Шектеу мерзімі аяқталғанға дейін оны ұзартуға өтініш беруге болады.
Ведомствоның мәліметі бойынша, бұған дейін мұндай шектеуге өтінішті тек қағаз түрінде беруге болатын, оның уақыты сегіз жұмыс күніне дейін созылған. Бұл өтінішті сіз үшін басқа бір адам бере алмайды.
Қазіргі ереже бойынша, уәкілетті орган "құмар ойыннан шектелген" адамдарды тізімнен сот шешімі негізінде шығарады.
Тізімге енгізілген адамдар туралы мәлімет құпия болады. Мұндай мәліметті "тек туризм және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары, лицензияланған ойын бизнесін ұйымдастырушылар ғана көре алады".
"Ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін ашпай-ақ тек ЖСН дерегі бойынша жеке өңделетін болады. Ойын бизнесі субъектілері тізімнің толық нұсқасын қарай алмайды" деп хабарлады Қазақстан туризм және спорт министрлігі.
Былтыр қарашада үкімет Қазақстанда лудомания (ойынға тәуелді болу) "жаппай белең алып кетті" деп мәлімдеді. Биліктің есебінше, лудомания ажырасу себептері арасында маскүнемдік пен нашақорлықтан кейін екінші орынға шыққан. Бұрынғы премьер-министрі Әлихан Смайылов ажырасудың 40 пайызы осы себептен болатынын айтқан.
ПІКІРЛЕР