Ішінде ғарышкерлері бар Ресейдің "Союз МС-25" ғарыш кемесін алып ұшатын "Союз-2.1а" зымыран-тасығышы Қазақстанның Байқоңыр қаласындағы айлақтан Халықаралық ғарыш станциясына ұшуы тиіс болған. "Роскосмостың" YouTube-арнасында ұшу сәті тікелей эфирде көрсетілген. Алайда ұшуға бірнеше секунд қалғанда ол автоматты режимде тоқтатылды.
Ғарыш кемесі Мәскеу уақытымен сағат 16:21-де ұшуы тиіс болған. Соған бірнеше минут қалғанда диктор кеме ұшпайтынын хабарлады. Ұшыру кешені агрегаттарын бастапқы қалпына келтіру тапсырылды.
"Роскосмос" ғарыш кемесі неге ұшпай қалғанын дереу хабарламады. Космодромда болған ғалым-блогер Илья Овчинниковтың жазуынша, қозғалтқыштар апатты жағдайда тоқтаған. НАСА-ның трансляциясында қозғалтқыштар тиісті уақытта іске қосылмады деген мәлімет айтылды.
"Союз" кемесінің бортында ресейлік Олег Новицкий, белорус Марина Василевская және америкалық Трейси Дайсон отырған. Василевская Беларусьтің алғашқы ғарышкер әйелі деген атқа ие болуы тиіс еді. Олар Новицкий екеуі 2 сәуірде Жерге оралады деп жоспарланған.
Халықаралық ғарыш станциясына келесі ұшу мүмкіндігі сенбі, 23 наурызда болады.
"Роскосмостың" ғарышкері бар миссиясы алғаш рет стартқа санаулы секунд қалғанда ұшпай қалды. Соңғы рет 2018 жылы ғарышкерлері бар кеме көкке көтерілген соң 2-минутта құлаған. Ресейлік Алексей Овчинин мен америкалық Тайлер Хейг 50 км биіктен катапульта жасаған. Оқиғаны зерттеген комиссия отын багына ауа кіріп кетті деген қорытынды шығарған.
ПІКІРЛЕР