Accessibility links

Қазақстан СІМ: "Крокус Ситиде" зардап шеккен немесе қаза болған қазақстандықтар туралы ақпарат түспеді


Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Крокус Сити Холлға" шабуылдың салдарынан зардап шеккен немесе қаза болған қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің сөзінше, қазақстандық дипломаттар мән-жайды анықтап жатыр.

"Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі жергілікті билік пен тиісті қызметтермен байланыста отыр. Қаза болғандар немесе зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бары туралы ақпарат түспеді. Қосымша ақпарат түссе хабарлаймыз. Қазір елшілікте 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша шұғыл желі ашылды" деп хабарлады Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Смадияровтың сөзін қазақстандық жаңалықтар агенттігі келтіреді.

Қазақстан ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Ресейде "Болашақ" және "500 ғалым" бағдарламасы бойынша 32 қазақстандық (24-і стипендиат) оқып жатыр. Барлық стипендиат байланысқа шыққан, қауіпсіз жерде отыр. Мәскеу түбіндегі терактіден ешкім зардап шекпеген.

Жұма, 22 наурыз күні кешке Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында орналасқан "Крокус Сити холл" концерт залында қаруланған белгісіз біреулер адамдарға оқ жаудырған. Ресей тергеу комитеті "Крокустағы" терактіден 60-тан астам адам қаза болғанын хабарлады. Қаза болғандар артуы мүмкін. 100-ден астам адам жарақат алған.

Ғимаратта кемінде екі жарылыс болып, өрт тұтанған.

Ресей тергеу комитеті теракт туралы қылмыстық іс қозғады.

Концерт залына келген құқық қорғау органдары ғимаратты қоршап, жұртты шығарып, шабуылдағандарды іздеген. Күштік құрылымдардың ғимаратқа басып кіргені, шабуылдағандардың жасырынып үлгергені, арнайы жасақтың оларды іздегені жөнінде хабар тарады. Әлеуметтік желіде шабуылдағандар қашқан болуы мүмкін көліктің суреті жарияланды.

Ресейдің көптеген қалаларында демалыс күндерге белгіленген қоғамдық шаралар кейінге шегеріліп, қоғамдық орындар жабылды.

XS
SM
MD
LG