Accessibility links

Путин 60-тан астам адам қаза болған "Крокус сити холдағы" шабуылға түсініктеме берген жоқ


"Крокус Сити Холлдағы" терактіден кейін орталық маңын күзетіп тұрған арнайы жасақ, 22 наурыз 2024 жыл.
"Крокус Сити Холлдағы" терактіден кейін орталық маңын күзетіп тұрған арнайы жасақ, 22 наурыз 2024 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холл" концерт залындағы терактіге түсініктеме берген жоқ. Қанды оқиғадан 60-тан астам адам қаза болды, жүзден астам адам жараланды.

22 наурызда кешке камуфляж киген бірнеше адам концерт залдың ішінде жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Өрт оқшауландырылғанмен әлі сөндіріліп жатыр. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, сенбі күні таңертең "Крокус" залының төбесі құлаған, құтқарушылар үйіндіні аршып жатыр.

Губернатордың сөзінше, 115 адам ауруханаға жатқызылған, бесеуі – бала. Кейбірінің жағдайы ауыр. Ресей төтенше жағдай министрлігі зардап шеккендердің тізімін жариялады. Онда 99 адамның аты-жөні бар. Таңертең "Крокустан" барлық зардап шеккендер эвакуацияланып бітті.

Ресей тергеу комитеті теракт бойынша қылмыстық іс қозғады. Кеше ресейлік БАҚ терактіден кейін шабуылдағандар көлікпен іздерін жасырып үлгергенін жазған. "Шабуылдағандар қазір қайда?" деген журналистердің сұрағына тергеу комитетінің өкілдері "әзірге ол жөнінде айту ертерек" деп мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин әзірге терактіге түсініктеме берген жоқ. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, оған айналасындағылар жағдайды баяндаған, ал вице-премьер Татьяна Голикованың айтуынша, есептен соң Путин "барлығына тезірек айығуын тілеп, дәрігерлерге рахмет айтқан".

"Агентство" басылымының жазуынша, "Крокус сити холдағы" қанды оқиға – 2004 жылы 300-ден астам адам қаза болған Бесландағы мектепке шабуылдан бергі ең ірі шабуыл.

Ресей және өзге елдерде "Крокустегі" теракт құрбандарын еске арналған стихиялық мемориалдар пайда болған. Мәскеу, Петербург, Владивосток, Екатеринбург, Ростов, Париж, Таллин, Вена, Ташкент, Кишинев және өзге қалаларда жұрт гүл шоқтарын қойып, шырақ жағып жатыр. Қазақстандық БАҚ-тың жазуынша, Алматыда да Ресей консулдығы алдына гүл қойылған.

XS
SM
MD
LG