Accessibility links

Украина мен Грузия футболдан Еуропа чемпионатына жолдама алды


Грузин футболшылары Грекия құрамасын жеңгенін тойлап жатыр. Тбилиси, 26 наурыз, 2024 жыл.
Грузин футболшылары Грекия құрамасын жеңгенін тойлап жатыр. Тбилиси, 26 наурыз, 2024 жыл.

Украина футбол құрамасы Исландия командасын 2:1 есебімен жеңіп, Еуро-2024 додасына жолдама алды. Грузия құрамасы матчтың негізгі бөлігінен кейінгі пенальти нәтижесі бойынша Грекияны (4:2) жеңіп, алғаш рет Еуропа чемпионатының топтық турниріне шықты.

Еуропа чемпионаты биыл 14 маусым – 14 шілде аралығында Германияда өтеді. Еуро-2024 ойындары мына 10 қалада – Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф, Франкфурт, Гельзенкирхен, Гамбург, Кельн, Лейпциг, Мюнхен және Штутгартта ұйымдастырылады.

Германия құрамасы алаң иесі ретінде турнирге қатысу құқына ие болған. УЕФА-ның 53 құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. Ресей Украинаға соғыс ашқан соң оның құрамасы халықаралық жарыстардан шеттетілген.

Еуро-2024 додасында Украина Бельгия, Румыния және Словакиямен бір топта ойнайды. Ал Грузия Португалия, Түркия және Чехиямен бір топта бәсекеге қатысады.

Чемпионат финалы Берлиндегі Olympiastadion стадионында өтеді.

22 наурызда Қазақстанның ұлттық құрамасы футболдан Ұлттар лигасының плей-офф ойынында Грекиядан 0:5 есебімен жеңілді. Матч Грекия астанасы Афина қаласындағы "OPAP Arena" стадионында өткен еді. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына баратын соңғы мүмкіндіктен айырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG