Accessibility links

ЕО Ресеймен байланысты Southwind Airlines әуе компаниясының ұшуына тыйым салды


ЕО билігі Түркияда шоғырланған Southwind Airlines әуе компаниясына Еуроодақтың әуе кеңістігінде ұшуына тыйым салды. Мұндай шешімге Southwind компаниясын іс жүзінде Ресей бақылап отыр деген қорытындыға келген Финляндия билігінің тұжырымы себеп болған.

Ресейлік әуе компанияларына ЕО-ның әуе кеңістігі Ресей Украинаға басып кірген шақтан бірнеше күннен кейін яғни, 2022 жылдың 27 ақпанынан бері жабық.

Түрік әуе компаниясына шектеу қойылғанын әуелі түріктің Turizm Guncel басылымы жазды, кейін ақпаратты Ресей туроператорларының қауымдастығы растады.

"Әуе компаниясына бақылау жасайтындар ресейлік ойыншылармен байланысты деген қорытындыға келдік" деді Финляндияның Traficom ведомствосының жетекшісі Яркко Сааримяки. Оның сөзінен түрік басылымы үзінді келтіреді.

Southwind әуе компаниясына өз аумағында ұшуына Финляндия 25 наурызда тыйым салған. Turizm Guncel-дің жазуынша, 28 наурызда ЕО одаққа мүше елдерге тыйым жөнінде ресми түрде хабарлаған.

Ресей туроператорларының қауымдастығының хабарлауынша, тыйымның салдарынан ресейлік туристер 29 наурызда Шарм-Эль-Шейхтан Мәскеуге дер кезінде ұша алмаған. Олар ЕО аумағын айналып өтетін бағыт яғни, Қара теңіз, Грузия, Каспий теңізі және Қазақстан арқылы 11 сағатқа кешігіп Ресейге жеткізілген.

Қауымдастықтың мәліметінше, Антальядан Калининградқа ұшатын Southwind рейстері де шегерілген. Египеттен Мәскеуге ұшатын рейстер жалғасып жатыр, бірақ бұрынғыға қарағанда ұзақ ұшпақ.

Southwind Airlines әуе компаниясы 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көп ұзамай пайда болған. Оның штаб-пәтері Антальяда шоғырланған. Немістің Bild басылымының жазуынша, барлық үш ұшақ ресейлік Nordwind әуе компаниясынан алынған. Компания Түркия мен Ресейге рейстер ұшырған, бұған қоса Германия, Швейцария, Грекия, Солтүстік Македонияға ұшқан. "Европейская правда" басылымының жазуынша, тыйымның салдарынан енді әуе компаниясы Швейцария мен Солтүстік Македонияға рейс ұшыра алмайды.

XS
SM
MD
LG