Accessibility links

FT: ресейліктер "Крокустағы" шабуылға Киевтің қатысы бар дегенге сенеді


Шетелдік дипломаттар "Крокустағы" теракт құрбандарын еске алды. 30 наурыз, 2024 жыл.
Шетелдік дипломаттар "Крокустағы" теракт құрбандарын еске алды. 30 наурыз, 2024 жыл.

Financial Times басылымы OpenMinds ағылшын-украин әлеуметтану жобасының Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл туралы онлайн сауалнамасының қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, ресейліктердің басым бөлігі шабуылға Украинаның қатысы бар дегенге сенеді.

FT жазуынша, әлеуметтанушылар зерттеу барысында 652 адамнан пікір алған. Олардың жартысынан көбі терактіге Украина билігі жауапты деп біледі. Респонденттердің 27 пайызы шабуылға "Ислам мемлекеті" террор ұйымын (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) айыптады. Респонденттердің 6 пайызы оқиғаға "ұжымдық Батысты" кінәлайды.

Басылымның ақпаратынша, 18 бен 30 жас аралығындағы, соғысқа қарсы респонденттер шабуылға Киевті емес, "Ислам мемлекеті" тобын айыптауға бейім. Соғысқа қарсы болғандардың 50 пайызы терактіге жиһадшыларды кінәлады. Соғысты қолдайтындардың 12 пайызы осындай пікірде.

Financial Times Ресей билігінің басқаша пікір-көзқарасты басып-жаншитынын айтып, соған байланысты ресейліктер арасындағы Украинаға қарсы көңіл-күй деңгейін анықтау өте қиын деп жазды.

Әлеуметтанушылар соғыс пен қуғын-сүргін кезінде жүргізілген сауалнамалар толық сенім ұялатады деуге келмейтінін ескертеді.

Кейінгі мәліметтер бойынша, "Крокустағы" теракт салдарынан 144 адам мерт болған. Шабуылдан соң тоғыз адам тұтқындалды, көбі — Тәжікстан азаматы. Теракт жасады деген күдікке ілінген төрт адам ұсталған және жауап алынған кезде азапталған деген ақпарат тарады.

"Ислам мемлекеті" террор ұйымы Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіні өз мойнына алды. АҚШ пен Батыс елдері шабуылды сол террор тобы ұйымдастырды деген ақпаратқа сенеді. Ресей шабуылды Украина жасауы мүмкін деп мәлімдеді. Киев оны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG