Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында жергілікті тұрғындар аудандық мәслихаттағы төрт депутат - Гүлжан Асамадинова, Дулат Шамшадинов, Мәди Ташов және Серік Хантөреевтің өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатуды талап етті. Тұрғындар "төрт депутатты танымаймыз әрі дұрыс жұмыс істемейді" дейді. Бұл туралы Азаттыққа Мұнайлы ауданының белсендісі Нұрлан Қарамырза хабарлады.
Жергілікті тұрғындар 29 наурызда сайлау комиссиясына арыз түсірген. Қарамырза Азаттыққа сол қағаздың бірін жіберді, олар "депутаттар жұмыс істемеді" деп, орнын босатуды сұраған.
Белсендінің айтуынша, аудандық мәслихат депутаттығына жергілікті тұрғындар танымайтын адамдар сайланған. "Екі директор, екі кәсіпкер. Төрт депутат та біздің ауылда тұрмайды. Ауылымыз қоқыс тастайтын жер сияқты болып кетті, батпаққа батып жатырмыз" деді белсенді.
Оның айтуынша, белсенділер арызын комиссия хатшысы қабылдап алған, мұны растайтын видео бар.
Мұнайлы ауданы сайлау комиссиясының төрағасы Бейімбет Сүлейменов Азаттық сұрақтарына жауап бермей, телефоннан пікір бермейтінін айтты.
Белсенді Қарамырза наурызда YouTube желісінде ауылдағы асфальт төселмеген жол видеосын жариялаған, онда балшық пен шалшық сулар көрінеді.
Әкімдіктің мәліметінше, 2023 жылғы 19 наурызда өткен Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаттарын сайлауда Асамадинова, Шамшадинов, Ташов және Хантөреев ең көп дауыс жинаған.
Белсендінің айтуынша, комиссия апта ортасында жауап беруге уәде берген.
«Бастамашыл топ қажет болса, қол жинауға дайын. Әр округте дауыс беру құқығына ие төрт мың азамат бар» дейді Қарамырза.
Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес, аумақтық сайлау комиссиясы мәслихатқа депутаттардың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізуге құқылы.
ПІКІРЛЕР