Accessibility links

Сотта Бишімбаевтың Нүкенованы ұрып, тепкілегені көрінетін видео көрсетілді


Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта отыр.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта отыр.

"Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында айыпталушыдан жауап алу жалғасып, одан соң мейрамхана камерасына түскен видеолар көрсетілді.

Бишімбаев сөзінде Нүкенова "ресторанда орнынан тұра алмай, унитазға қарай құлады. Алдымен қабырғаға ұрынып, одан қолымды алғанда, бетін унитазға өте қатты соғып алды. Кейін еденге құлады" деп отыр.

Бұған қоса айыпталушы сотта Салтанат Нүкенованы тепкенін мойындады, бірақ өмірлік маңызы бар органдарына зақым келтірмедім дейді. Айыпталушы "жерде жатқан Салтанатты ояту үшін тепкенін" алға тартады және басынан ұрмағанын айтады.

Бұған қоса, Бишімбаев "жедел жәрдем шақыруды сұрадым" деп отыр.

"Салтанаттың маңдайын ұстап едім, суық болды. Температурасы өзгергенін түсіндім. Пульсін тексере бастадым, бірақ сезбедім. Осы тұста абдырап, Бақытжанға хабарластым. Ол келіп, пульсін тексеріп, сезбедім деп айтты. Осы тұста "жедел жәрдем шақыр" дедім. Ол жедел жәрдем шақыруға жүгіріп кетті. Жедел жәрдем келгенше реанимациялық шаралар істеу керек болды. Бақытжан оған тынысын оралтуға тырысты. Мен келіп, аузын ашқым келген, бірақ жағы қатып қалғанын көрдім. Адам қайтыс болғанда жағы ашылмай қалатынын естіген едім. Осы кезде ол көз жұмғанын түсіндім" деді айыпталушы әйелінің соңғы сәтін өз нұқсасы бойынша сипаттағанда.

Сотта қорғаушылары Бишімбаевтан "жәбірленушіні қылқындырдыңыз ба? Басынан бірнеше рет ұрдыңыз ба?" деген сауал қойғанда айыпталушы "жоқ" деп жауап қатты.

Осыдан соң прокурорлар 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы оқиға болған ресторанның камерасына түскен видеоларды көрсетуді сұрады. Мемлекеттік айыптаушы алдымен ресторанның видеокамерасына түскен видеоның хаттамасынан Салтанаттың денесінде қанталаған, көгерген іздер болғанын оқыды.

Одан әрі ресторанындағы камераға түсірілген видео көрсетіліп, онда Бишімбаевтың Нүкенованы бірнеше рет бетінен ұрып, шашынан сүйрегені, жерде жатқанда тепкілегені көрінеді.

Бұған қоса, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов ресторанға келіп, одан соң мейрамхана қызметкерлерін ертерек қайтарып жібергені байқалады. Видеокамераға түскен видеолар көрсетіліп болған соң судья заттай айғақ ретінде Бишімбаевтың, Байжановтың, Нүкенованың телефондарын сұратты. Бірақ телефондардың қуаты аз болғандықтан оларды көрсету ертең, 4 сәуірге қалды.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев былтыр 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. Бишімбаев "өлтіру ниетім болған жоқ" деп, айыпты мойындамайды.

Бұл іс бойынша Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп сотқа тартылып жатыр. Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша алқабилердің қатысуымен 27 наурызда басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG