Accessibility links

Нүкенованың "басы жарылып, мұрны сынған, беті қанаған". Бишімбаев сотында экспертиза оқылды


Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта отыр.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта отыр.

"Әйелі Салтанат Нүкенованың аса қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында 4 сәуірде айыпталушыдан жауап алынып, дәлелдер көрсетіліп, сот сараптамасының қортындысы оқылды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахова оқыған сот медициналық экспертизасында Нүкенова жабық бас-ми жарақатын алғаны, бұл жарақаттан маңдай-желке-шүйде аймағында қанды ісік болып, мишығы зақымданғаны жазылған.

"Мұның салдарынан орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, жүрегі мен тыныс алуы тоқтаған. Бұл өлімге себеп болған" деп оқыды адвокат.

Сараптамада Нүкенованың мұрны сынғаны, беті қанталағаны, иегі мен басы қанағаны, мұрын тұсы мен иегінде, жоғарғы жақ тұсында қан құйылғаны да жазылған.

"Химия-тоскикологиялық сараптамада қанынан 0,33 промилле, кіші дәретінен – 1,82 промилле этиль спирті табылды. Мұндай көлемдегі алкоголь адам ағзасына қатты әсер етпейді" деді адвокат Оразбахова.

Адвокаттың сөзінше, сараптама кезінде Нүкеновадан есірткі және психотропты зат табылмаған. Дәретте кокаин, мефедрон, морфин, тетрагидроканнабинол болмағаны да айтылды.

Бұған қоса, сотта прокурор Айжан Аймағанова Бишімбаевтан Нүкенова көз жұмғанда не үшін балгерге хабарласқанын сұрады.

Ал Бишімбаев "бұл менің үлкен қателігім болды. Мен бақсының демалып алған соң оянады деген сөзіне құлақ астым. 16.00-де ол мүсәтір спиртіне оянбады. Мен бақсының кешке оянады деген сөзіне сеніп қалдым. Ал Салтанат 36 сағатқа дейін ұйықтайтын еді" деп жауап қатты.

Кеше, 3 сәуірде Бишімбаев Нүкенова ес-түссіз жатқанда жедел-жәрдемге емес, алдымен балгерге хабарласқанын айтқан.

Сотта судья Бишімбаевтан "хаттамада дәретханада, VIP-залда, еденде қан болды деп жазылған. Неге көмектеспедіңіз?" деп сұрағанда айыпталушы "есімде жоқ", "байқамадым", "қан аз болды" деп жауап берді.

Кейін қанға қатысты сұрақты жәбірленуші тараптың қорғаушысы да қойды. Бишімбаев қан "Салтанат унитазға құлағаннан" дегенді алға тартты.

Айыпталушы Бишімбаев Нүкенова унитаз бен еденге өзі құлады деп отыр. Бұл отырыста да ол Нүкенованы "жұдырықтамағанын", әйелі "өзі құлап жарақат алғанын" алға тартты. Кеше, 3 сәуірдегі отырыста көрсетілген видеокамерадағы жазбада Бишімбаевтың Нүкенованы шапалақтап, шашынан жұлып, тепкілегені, жұдырықпен ұрғаны көрінеді.

Бүгін, 4 сәуірдегі отырыста екі тарап бірнеше рет сөзге келіп қалды. Судья оларға қайта-қайта ескерту жасап, солардың бірінде "сот залын басқа бір жерге айналдырғыларыңыз келетін сияқты" деді.

Сот отырысында прокурор Айжан Аймағанова Бишімбаевтан Нүкенованы неге жайына қалдырмағанын сұрады.

"Сіз ер адамсыз ғой, күшіңіз де басым. Мейрамханада жайына қалдырып, кетп қалмадыңыз ба, сонда осы жағдай да болмас еді. Неге кетпедіңіз?" деген сауал қойды.

Бишімбаев "ол – менің әйелім, оны сүйем. Бізде келіспеушіліктер болды. Қалай тастаймын? Ұрсыстың алдына алты сағат бірге тастап кетемін. Мас адамды қалай тастаймын. Кейін ол құлады және киімсіз қалды, сол кезде қалай тастап кете аламын?" деді.

Жәбірленуші тараптың адвокаттары оқыған сот-медициналық сараптамаға сай, Нүкенованың киімсіз қалған, іш-киімі күшпен жыртылған.

Қоғам назарындағы бұл сот 8 сәуірде Астана уақытымен таңғы 10-да жалғасады.

  • Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев былтыр 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. Бишімбаев "өлтіру ниетім болған жоқ" деп, айыпты мойындамайды.
  • Бұл іс бойынша Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп сотқа тартылып жатыр. Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша алқабилердің қатысуымен 27 наурызда басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG