Accessibility links

Құлсарыда бірнеше ауданды су басты. Тұрғындар Атырау қаласына эвакуацияланып жатыр


Атырау облысы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласын су басты. Жергілікті халық "вахталық поселок" деп атап кеткен аумақ маңы тұтас суға кетті. Тұрғындар Азаттыққа видеолар жіберді.

Ал төтенше жағдайлар министрлігі Құлсары қаласының тұрғындар Атырау қаласына эвакуацияланып жатқанын хабарлады. Тұрғындар жолаушылар пойызымен Атырау қаласына жеткізілмек. Министрлік Құлсары қаласында 600-ден аса үй су астында қалғанын, қазірге дейін екі мыңнан аса адам эвакуацияланғанын айтады.

Видеоларға қарағанда, Құлсары қаласындағы көп жеке тұрғын үйлер су астында қалған. Көшелер мен аулаларға су кірген. Бизнес ошақтарын да су басқан.

5 сәуірде Құлсарыны кесіп өтетін Жем өзенінің сағасы Құрсай өзені тасығаны хабарланған. Стадион аумағы мен Жадырасын ықшамауданын да су басқан.

Жұма күні таңертең әкімдік "Атырау" ықшамауданы, 4-аумақ, "вахталық поселок", "Автокөлік" ықшам аудандарына су басу қаупі төнгенін хабарлаған еді. Сол кезде 202 адам эвакуацияланғаны (86-сы бала) хабарланды.

2021 жылғы халық санағы бойынша Құлсарыда 64 мың адам тұрады.

Биліктің мәліметінше, 5 сәуіргі жағдай бойынша Қазақстан өңірлерінде су тасқыны қаупі әлі сейілмеген. 9 облыста - Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстарында - төтенше жағдай жарияланған. Бұл жөнінде үкімет хабарламасында айтылған. Су тасқыны басталғалы бері тасқын аймағынан 19 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

XS
SM
MD
LG