Accessibility links

БҚО-да Жайық өзені 10 метрге дейін көтерілетіні жөнінде болжам айтылды


Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев 6 сәуірде мамандар болжамына сүйене отырып, Жайық өзені 10 метрге дейін көтерілетінін мәлімдеді. "Мой город" басылымының жазуынша, әдетте 8,5 метр қалаға қауіпті деңгей болып саналады.

"Жайық және Шағын өзендеріндегі бөгеттерді бекітеміз. Топографиялық суретке түсірдік, оларды одан да қатты жасауға болады. БҚО төтенше жағдай департаменті 10-20 сәуірде су көтеріледі деп болжап отыр. Шарықтау шегі 15,16,17 сәуірде болады. Облыстағы 20-дан астам ірі компания 200 шақты техникасын берді" деді Жандос Дүйсенғалиев.

Басылымның жазуынша, 4 сәуірде мессенжерлер мен әлеуметтік желілерде Жайықтың 10 метрге дейін көтерілетіні жөнінде ақпарат тараған. Сол кезде "Қазгидромет" бөлімшесінің директоры Тілеген Шапанов ақпаратты фейк деп атаған, ал төтенше жағдай департаменті облыс тұрғындарын тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырған.

Аймақта қазір тасқыннан зардап шеккен тұрғындардан бір реттік көмекке өтініш қабылдап жатыр. Жергілікті бюджет осы мақсатқа 63 млн теңге бөлген.

Кейінгі мәлімет бойынша, облыс пен Орал қаласының алты ауданы жартылай суға кеткен. Тасқыннан 552 үй, 427 саяжай телімі зардап шеккен.

Жағдайды көрші Ресейдің Орынбор облысындағы Ириклы су қоймасынан судың жіберілуі қиындатып отыр. "Урал56" порталының жазуынша, Ириклы секундына 2170 текшеметр жылдамдықта су жіберіп жатыр. Орынбордағы Жайық деңгейі көтеріліп жатыр, Орскіде тағы бір бөгет бұзылды. Қаланың бір бөлігі су астында қалды.

XS
SM
MD
LG