Accessibility links

"Нүкенованың бетінде, аяғында гематома болды". Бишімбаев сотында куәгерлер сөйледі


Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта тұр.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта тұр.

"Азаматтық некедегі әйелін аса қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында 8 сәуірде куәгерлер сөйледі.

Сотқа куәгер ретінде келген Салтанат Нүкенованың туысы Айнұр Нүкенова Салтанаттың тойдан кейін байланысқа шықпай кеткен кездері болғанын, өзінен қарызға ақша сұрағанын айтты.

"Айнуша, маған жазбай-ақ қой, мен өзім хабарласамын. Қуандық оқып қоюы мүмкін деп жазған еді" дейді куәгер.

Бұған қоса, куәгер "Бишімбаевтың Салтанат Нүкеноваға қол көтергені жайлы естігенін" мәлімдеді.

"Салтанат оның бірнеше рет қол көтергені жайлы маған айтты. 2023 жылы шілдеде Салтанат бізбен кездесе алмайтынын жеткізді, себебі денесі көгергенін және Қуандық аңдитынын айтқан. Салтанат сыртқа еркін шыға алмайтынын және бізге қызығатынын да айтқан еді" деді Айнұр Нүкенова сотта.


Айыпталушы Бишімбаев бұған дейінгі отырыстарында "Салтанатқа қол көтермегенін, қинамағанын" мәлімдеген еді. Ал айыптау тарабы Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы жиі ұрғанын, жұмыс істеуге рұқсат етпей өзіне тәуелді еткенін жеткізген.

Салтанат сіңлісі Айнұр Нүкеноваға "Бишімбаев бір рет талақ берген соң мешітте екінші рет неке қиғанын" да айтқан.

Алғашқы сот отырыстарының бірінде Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некелерін мешітте қиғаны, некелерін ресми тіркемегені айтылған.

Ал сотқа куәгер ретінде келген жедел жәрдем қызметкерінің айтуынша, 9 қараша кешке оларға Bau мейрамханасында ес-түссіз, тыныс алмай жатқан пациент туралы шақыру түскен. Дәрігер жүргізушімен және көмекшісімен мейрамханаға барғанда екінші қабаттағы VIP-залдағы диванда киімсіз, көрпе жамылған әйелді көрген.

Куәгер "Нүкенованы тексергенде оның денесі суық болғанын, жүрегі, тынысы тоқтап қалғанын" айтты. Жедел жәрдем қызметкері "Нүкенованың бетінде және аяғында гематома болғанын, көз жағы көгеріп тұрғанын, сырылған іздер туралы" мәлімдеді.

  • Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев былтыр 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. Бишімбаев "өлтіру ниетім болған жоқ" деп, айыпты мойындамайды.
  • 4 сәуірде жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахова оқыған сот медициналық экспертизасында Нүкенова жабық бас-ми жарақатын алғаны, бұл жарақаттан маңдай-желке-шүйде аймағында қанды ісік болып, мишығы зақымданғаны жазылған. "Мұның салдарынан орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, жүрегі мен тыныс алуы тоқтаған. Бұл өлімге себеп болған" деп жазылған сараптамада.
  • Бұл іс бойынша Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп сотқа тартылып жатыр. Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша алқабилердің қатысуымен 27 наурызда басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG