Accessibility links

ФСБ Мәскеуде тағы бір терактінің "алдын алғанын" мәлімдеді. Орталық Азия елінің азаматы өлтірілген


Ресей федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Мәскеудегі синагогаға жоспарланған терактінің алдын алғанын мәлімдеді. Ведомство терактіні "Орталық Азия елдерінің бірінен келген" адам жасамақ болғанын тұжырымдады. Бұл жөнінде Ресейдің арнайы қызметіне сүйенген "Интерфакс" хабарлады.

ФСБ-ның айтуынша, күдікті ұстау кезінде қарсылық көрсетіп, ізінше өлтірілген. Оқиғаның қай күні болғаны белгісіз. Күдіктінің аты-жөні де айтылмайды. Оның 2002 жылғы екені айтылады.

Ведомствоның хабарлауынша, күдікті тұрған орыннан тінту кезінде жарылғыш заттар табылған.

"Өз елінде қылмыс жасап, қамалған ол жазасын өтеген кезде терроризм бойынша сотталған адамдармен байланыс орнатып, солардың ықпалымен Ресей Федерациясында тыйым салынған халықаралық террористік ұйымның идеологиясын тарата бастаған" деп жазылған ведомство хабарламасында.

ФСБ бұған қоса, Донецкідегі әскери нысанда теракт ұйымдастырмақ болды деп күдікке ілінген Орталық Азияның алты азаматы ұсталғанын хабарлады. Бұл жөнінде Astra телеграм-арнасы хабарлап, ФСБ таратқан видеоны да жариялады.

Бұған дейін Ресей ФСБ-сы Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтіргені белгілі болған. ФСБ-ның түсіндіруінше, олар "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған". Ақпаратқа қарағанда, екі қазақстандық "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының "Хорасан уәлаяты" бөлімшесінің мүшелері болған. Бірақ олардың Қазақстанда тұратын туыстары Әшірәлиев пен Тасқұлов "террор тобына мүше болған" деген хабарға сенбейді.

11 сәуірде болған оқиғаның алдыңғы операцияға қатысы бар-жоғы белгісіз.

Бұған дейін екі дереккөзге сүйенген The Washington Post Американың арнайы қызметі Ресей ФСБ-на Мәскеудегі синагогаға шабуыл жасалуы мүмкін жөнінде ескерткенін жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG