Accessibility links

Қостанайда белсенді тасқыннан зардап шеккендерді қолдап пикет өткізді


Белсенді Әнел Әлиғазина тасқыннан зардап шеккен адамдарға қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетінде тұр. Қостанай, 12 сәуір, 2024 жыл. Qushtar қозғалысы таратқан фото.
Белсенді Әнел Әлиғазина тасқыннан зардап шеккен адамдарға қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетінде тұр. Қостанай, 12 сәуір, 2024 жыл. Qushtar қозғалысы таратқан фото.

Қостанайда жергілікті тұрғын, адам құқы мен теңдігін қорғайтын Qushtar қозғалысының белсендісі Әнел Әлиғазина тасқыннан зардап шеккен адамдарға қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетіне шықты.

Qushtar қозғалысының ақпараты бойынша, 12 сәуір күні түстен кейін қаладағы MART сауда орталығы маңында белсенді бір сағатқа жуық уақыт пикет өткізген. Акцияны журналистер, сонымен бірге билік өкілдері, полиция қызметкерлері мен жай киім киген адамдар бақылап тұрған.

Полиция қызметкерлер мен әкімдік өкілі белсендінің қасына келіп, акцияны доғаруын талап еткен. Көп ұзамай акция аяқталған. Билік өкілдері ешкімді ұстаған жоқ деп хабарлады Qushtar.

"Егер үкімет жылда көктемде қайталанатын су тасқынына күнібұрын дайындалғанда, табиғи апаттың алдын алуға болар еді деп сеніммен айта аламыз. Бұған қоса билік зардап шеккендерге ғана емес, су басу қаупі төнген қалаларға да көмек көрсетуге толық атсалысуы қажет деп білеміз", – деп мәлімдеген қозғалыс.

Өткен аптада Қостанайда Тобыл өзені арнасынан асып жайылып, қазіргі кезде қаланың оңтүстігіндегі үйлер мен кәсіпорындарды су басты. Ресми ақпарат бойынша, өңірде жүздеген жер үй су астында қалған. Қазірге дейін 10 мыңға жуық адам эвакуацияланған деген ақпарат тарады. 700-ден астам адам уақытша паналау орнына жайғастырылған.

Биыл Қазақстанда тасқын басталғалы бері екі адам (Құлсарыда) қазасы және сегіз мыңнан астам мал шығын болғаны ресми түрде расталған. Елдің алты аймағында төрт мыңға жуық үйді су басқан. 100 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Уақытша паналау орындарында қазір 6586 адам бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG