Accessibility links

Иран Израильге дрон және қанатты зымырандармен соққы жасады


Жексенбіге қараған түні Иран Израильге дрон және қанатты зымырандармен жаппай соққы жасады. Мамандардың бағалауынша, бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұған дейін Израильге Сирия мен Ливан, Йемендегі ираншыл топтар соққы жасап келген.

Израильдің 12 арнасының хабарлауынша, Иран ондаған дрон ұшырған. Израильдің жоғары лауазымды өкіліне сүйенген журналист Барак Равид "жүздеген дрон" жіберілгенін жазды. Ақпаратқа қарағанда, дрондардан кейін ракетамен шабуыл жасалған.

"Кан" радиосының хабарлауынша, Иерусалим және өзге де аумақтарда 14 сәуірге қараған түні Израиль әуе қорғаныс жүйесі ондаған қанатты зымыранды атып түсірген. Израиль аумағында әуе дабылы іске қосылды.

Израильдің жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген Ynet порталы Израиль Иран жіберген дрондар мен ракеталардың 99% атып түсіргенін хабарлады. Иран жіберген ондаған дронды Израиль шекарасына жақын маңда АҚШ бастаған аймақтық коалиция күштері жойған. Дрондарды атып түсіруге Ұлыбританияның әуе күштері де қатысты деп хабарлады Sky News. Ондаған дронды Иорданияның әскери-әуе күштері атып түсірген.

Телеграм-арналарда Израиль жаққа ұшырылған дрондар түсірілген видеолар тарады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейін Ираннан тікелей шабуылға дайын екенін мәлімдеген.

"Біз қорғанысқа да, шабуылға да дайынбыз. Израиль мемлекеті мықты. Израиль әскері мен қоғамы мықты. Біз АҚШ, Ұлыбритания, Франция және өзге елдердің қолдауын бағалаймыз" деді ол.

Израиль билігі түнде Бен-Гурион әуежайы үш сағатқа жабылатынын мәлімдеді. Иордания мен Египет әуе кеңістігін жапты, сонымен бірге Бағдат әуежайы да уақытша тоқтатты.

АҚШ президенті Джо Байден Таяу Шығыстағя жағдайға байланысты сенбі күні демалысын үзіп, Вашингтонға оралды. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің ресми өкілі Эдриенн Уотсон шабуыл басталғанын растады. Оның сөзінше, президент әкімшілігі Израильдің ресми тұлғаларымен және одақтастарымен тұрақты түрде байланыста отыр.

Ислам революциясы сақшылар корпусы Иранның Сириядағы консулдығының атқылануына жауап ретінде Израиль аумағына дрон және ракета ұшырғанын растады. Осы шабуылдың салдарынан сақшылар корпусының жеті өкілі қаза болған. Арасында жоғары лауазымды офицерлер де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG