Accessibility links

Қаңтар кезінде азапталған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов іс бойынша төрт полицей қамалғанын хабарлады


Викрам Рузахунов.
Викрам Рузахунов.

Қаңтар оқиғасы кезінде қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың азапталуына қатысты қылмыстық іс Қазақстан бас прокуратурасына берілді, күдікті төрт полицей ұсталды. Бұл жөнінде Викрам Рузахунов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

"Қазіргі кезде бұрын анықталған төрт полиция қызметкері ұсталып, қамауға алынды (біреуі азаптап, күш көрсеткенін мойындады, екіншісі жалған ақпарат тарату үшін лас блогерлер мен сатқын журналистерді жалдап, өзін өзі өртеймін деп қорқытқан анасы мен балаларын пайдалануға тырысады – В.Р)" деп жазды музыкант.

Оның сөзінше, қазір азаптау ісінде 22 жәбірленуші бар. Олар Қаңтар кезінде Рузахуновпен бірге азапталған.

"Бас прокуратура істі соңына дейін жеткізуге уәде берді, ал алғашқы төрт қылмыскердің ұсталуы бұл басы ғана" деді ол.

Қазақстан бас прокуратурасы әзірге бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Рузахуновтың сөзінше, Қазақстан Жоғарғы соты оның Қазақстан ішкі істер министрлігінен азаптағаны үшін және өзі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрауды талап еткен арызын әзірге қарап жатыр.

Былтыр Астана соты Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің өзі туралы таратқан ақпаратын шындыққа сәйкес келмейді деп танып, кешірім сұрауды талап еткен Викрам Рузахуновтың шағымын қанағаттандырмаған. Рузахунов жоғары инстанцияға шағымданған.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Алматыда қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан. Ізінше мемлекеттік телеарналар Алматыдағы бүлікке байланысты ұсталған адам туралы видео жариялап, оны "тәртіпсіздікке қатысқан" күдіктілердің бірі ретінде атаған. Видеода бет-жүзінде соққының ізі бар ер адам "Қырғызстанда жұмыссыз қалғанын, содан соң Қазақстандағы қарсылық митингісіне қатысуға келісім беріп, 90 мың теңге алғанын" айтады.

Артынша қырғызстандықтар бұл адам белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, белсенділер Қазақстан билігінен оны босатуды талап еткен.

Қазақстанның күштік құрылым өкілдерінің Рузахуновты ұстап, ұрып-соққаны белгілі болып, мәселеге жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары назар аударған. Ізінше Қырғызстан билігі мен қоғамының араласуымен босатылып, Бішкекке жеткізілген. Бішкектегі ауруханада оған операция жасалды. Оны "азаптау" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бұған дейін бір тоқтатылып, қайта жанданған.

Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты Қырғызстан милициясы да қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған. Қорытындысында музыканттың денсаулығына ауыр зақым келгені анықталды.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар қантөгісі кезінде кемінде 238 адам өлген. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылғаны айтылған. Қырғызстанның екі азаматы қаза болған. Олардың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы ақпарат жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG