Accessibility links

Тбилисиде "шетел агенті" туралы заңға қарсы ауқымды митинг өтті


Тбилиси, 17 сәуір 2024 жыл.
Тбилиси, 17 сәуір 2024 жыл.

Грузияда "шетел агенті" туралы заңға қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. 18 сәуірге қараған түні елдің бірнеше қаласында, солардың ішінде Тбилиси мин Батумиде ауқымды митингілер өтті.

Астана көшелеріне 15 мыңға жуық адам шықты. Полиция оларға кедергі жасаған жоқ, бірақ екі адамды ұстады. «Митинг кезінде наразылыққа шыққандар бірнеше рет күш қолданды» деп мәлімдеді Грузия ІІМ. Министрліктің айтуынша, ұсталғандар "полиция талаптарына бағынбаған, бір адамнан суық қару табылған".

Түнде оппозиция билікке ультиматум қойып, бір сағаттың ішінде заң жобасын кері қайтаруды талап етті. Талап орындалған жоқ. Сол кезде наразы топ Грузия премьер-министрі Иракли Кобахидземен кездесуді талап етіп, үкімет кеңсесіне қарай жүрді. Жергілікті БАҚ мәліметінше, митингіге қатысушылар ғимараттан шығатын жерді жауып тастаған, бірнеше адам ішіне кіруге талпынған.

Батумиде бірнеше жүз адам «Ресей заңына жол жоқ» деген ұранмен көшелерде шерулетіп өтті. Олар Грузия мен Еуроодақ туларын ұстап шықты.

"Ресей заңын қабылдауға қарсы наразылық үшінші түн бойы жүріп жатыр! Бір жағында халық, екінші жағында – біздің Еуропадағы болашағымызға қарсы дауыс берген 83 депутат. Халық үнемі жеңеді!" деп жазды Грузия президенті Саломе Зурабишвили Х әлеуметтік желісінде. Бұның алдында ол заң жобасына вето қоюға уәде берген. Бірақ билік партиясының ветоны айналып өтуге мандаты жеткілікті.

17 сәуірде парламент "шетел агенті" туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Оппозиция депутаттар шешіміне бойкот жариялады. Заң жобасы табысының 20 пайызын шетелден алатын үкіметтік емес ұйымдар мен медианы «шетел ықпалындағы агент» ретінде тіркеуге алуды қарастырады.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, осы заңның кесірінен "билікке жақпайтын" ұйымдар "қорлыққа төзбей" жабылуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG