Accessibility links

Журналистер Украинадағы соғыста қаза болған 51 мыңнан астам Ресей азаматының аты-жөнін анықтады


BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" журналистері 19 сәуірге дейін Украинадағы соғыста қаза болған 51 096 ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтады. Бұл ашық дереккөздер арқылы ғана қазасы расталғандар. Соғыста қаза болғандар мұнан әлдеқайда көп болуы ықтимал дейді зерттеушілер.

Бір апта ішінде тізімге жаңадан 625 адамның аты-жөні қосылған.

Қаза болғандардың айтарлықтай бөлігі тұтқындар (тізімдегілердің 18 пайызы немесе 9372 адам). Ресей әскері тұтқындарды майданның ең ауыр шайқас жүріп жатқан бөлігіне салып жатыр. Қаза болғандардың 12 пайызы мобилизациямен әскерге алынғандар, 13 пайызы өз еркімен соғысқа аттанғандар.

Журналистердің айтуынша, қаза болғандардың кемінде 43 пайызы бұрын-соңды әскери кадр құрамында болмаған немесе Ресей Украинаға басып кіргелі бері әскерге қатысы болмағандар.

BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" Ресей Украинаға басып кіргелі бері қаза болғандарға есеп жүргізіп келеді. Олар тек ашық дереккөздерге ғана сүйеніп жатыр: ресми құжаттар, шенеуніктер ақпараты, БАҚ материалдары, марқұмдардың жақындарының жазғандары, зираттағы деректер. Журналистер бұл мәлімет толық емес екенін ескертеді. Тізімге аты-жөні мен көмілген орны анықталған азаматтар ғана енген. Журналистердің айтуынша, ашық дереккөздерде қаза болғандардың аты-жөні айтылмайтын да кездер болады.

Ресейдің түкпір-түкпіріндегі 70 елдімекендегі зираттарды зерттеген журналистер қаза болғандар екі есе көп болуы мүмкін деп топшылайды.

Жуырда зерттеушілер соғыстағы адам шығынын ер адам өлімінің жиілеу әдісі арқылы да анықтап көрмек болды. Мұндай тәсілді қолданған кезде 2022 жылы ақпаннан бері яғни, Ресей Украинаға басып кіргелі бері 85 мың әскерін жоғалтқан болып шығады.

  • Ресей мен Украина соғыста қанша адамынан айырылғанын жасырады. Украина президенті Владимир Зеленский 25 ақпан күнгі баспасөз жиынында Украина соғыста 31 мың жауынгерінен айырылды деп мәлімдеген.
  • Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу желтоқсанда Украина жағының қаза болғандар мен жараланғандарын қосқанда 383 мың адам болып шығады деп айтқан. Мәскеу соғыста қанша әскерін жоғалтқанын айтпады. Зеленскийдің сөзінше, Ресей әскері Украинадағы соғыста опат болғандар мен жараланғандарды қосқанда 500 мың адамынан айырылған. Соғыс жағдайында тараптар қарсы жақтың адам шығынын зорайтып көрсетуге бейіл.
XS
SM
MD
LG