Шетел азаматтарынан тіл емтиханын алуға өкілеті бар барлық 12 университет коммерциялық әріптестерімен келісімшартты үзді. Бұл жөнінде Ресей білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Осылайша білім беру саласындағы коммерциялық ұйымдарда емтихан тапсыру тыйылды деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Енді шетел азаматтарынан емтиханды тек университеттер мен өзге де мемлекеттік және муниципалды ұйымдар ала алады. Шараның мақсаты - сапаны бақылауды күшейту деп түсіндірілді. Ведомствоның хабарлауынша, барлық аймақтарда емтихан тапсыратын орындар ашылады.
"Крокус сити холға" шабуылдан кейін Ресейде мигранттар мен олармен жұмыс істейтін түрлі ұйымдарға тексеру күшейді. Атап айтқанда, Пушкин атындағы орыс тілі институтының ректоры Наталья Трухановская қызметінен алынды.
Ғылым және білім министрлігінің түсіндіруінше, институт мигранттардан орыс тілі, Ресей тарихы және Ресей заңнамасы бойынша емтихан алу процесін "тиісті дәрежеде" қадағаламаған.
Ал институт өкілдері Трухановскаяны қызметтен кетіруді "рейдерлік басып алу" деп атап, жаңа ректормен жұмыс істеуге дайын емес екенін мәлімдеді.
Жуырда Мәскеу түбіндегі Балашиха қаласында "заңсыз көші-қон ұйымдастырды", "пара берді", "пара алды" деген күдікпен 14 адам ұсталғаны белгілі болды. Тергеушілердің айтуынша, күдіктілер пара алып, 1500-ден астам шетел азаматын заңсыз тіркеген. Олар орыс тілін меңгергені жөнінде жалған сертификаттардың жасалуына да ықпал еткен деп айтылады.
ПІКІРЛЕР